Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ташкентте «Талибан» қозғалысының саяси кеңсесінің ашылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Өзбекстан СІМ-нің өкілінің сөзіне сілтеме жасап «worldbulletin.net» хабарлайды.

Бұдан бұрын аталған агенттік тәлібтер өкілінің сөзіне сілтеме жасап, қозғалыстың Өзбекстан астанасында саяси кеңсе ашқаны туралы хабар таратқан еді. Ал, өткен аптада Өзбекстан СІМ «Талибан» өкілдерінің 7-10 тамызда Ташкент қаласында келіссөздер жүргізгенін, сондай-ақ, Ауғанстандағы бейбіт келіссөздердің болашағы талқыланғанын хабарлады. Ал, маусым айында аталған ведомоства Ауғанстан үкіметімен тікелей келіссөздерге қатыстыру үшін өзбек билігінің «Талибан» қозғалысымен байланыс орнатқаны туралы хабарлаған еді. Әрі, осы жылдың 27 наурызында Ташкентте өткен Ауғанстанға қатысты халықаралық конференция нәтижесі бойынша декларацияда Ауғанстан үкіметі мен қарулы оппозициялардың, әсіресе «Талибан» қозғалысының арасындағы тікелей келіссөздердің қажет екендігі туралы мәселе көтерілген.

“The Qazaq Times”