АҚШ тарапынан жасалған экономикалық қысым әрекеттері Иранға ешқашан да Таяу Шығыстағы өзінің саясатын өзгерттіре алмайды. Бұл туралы дүйсенбі, 13 тамызда Иран Ислам Республикасының СІМ басшысы Джавад Зариф «Әл-Жазира» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеген.
«Иран ешқашан да АҚШ- тың санкцияларына бола аймақтағы саясатын өзгертпейді», - деген ол. Д.Зариф сонымен қатар, Уашингтонмен келіссөз жасасудың мүмкін еместігін де айтқан. «Біз Біріккен Штаттармен олар санкция әрекеттерін тоқтатып, өзге елдерді сыйлап, мемлекет сияқты әрекет еткенде ғана диалог жасасатын боламыз» , - деген.
Айта кететін жайт, осыдан бұрын, яғни дүйсенбі күні ИИР-ның рухани жетекшісі, аятолла Әли Хаменеи де АҚШ-пен қандай да бір келіссөздер жасасуға қарсылығын білдірген еді.
Бәрімізге белгілі, осы жылдың мамыр айында АҚШ президенті Дональд Трамп «Ортақ қадам жан-жақты бағдарламасынан» шығатынын мәлімдеп, бұрынғы санкциялардың қатарына жаңаларын енгізетінін айтқан еді. Америкалық санкциялардың бірінші бөлігі 7 тамызға қараған түні енгізілген болатын.