«Әл Каида» ұйымының бұрынғы жетекшісі Усама бен Ладеннің анасы Алия Ганем  баласына қатысты алғаш рет сұхбат беріп, ұлының радикалистердің ықпалына қалай тап болғаны туралы да толығырақ ашып айтты. Бұл туралы «liberation.fr» сайты А. Ганемнің «The Guardian»-ға берген сұхбатына сілтеме жасап хабарлайды.

Әйелдің айтуынша, оның баласы өте ақылды болған әрі сабағын да жақсы оқыған. Ал, радикалистердің ықпалына Сауд-Арабиясының Джидде қаласындағы Абдулазиз король атындағы уинверситеттің экономика факультетінде оқып жүргенде ұшыраған. Осыдан кейін ол мүлдем басқа адамға айналған.

«Басын айналдырған адамдар пайда болғанға дейін ол өте жақсы бала болды. Сол кезде ол бар болғаны 20-ның ар жақ-бер жағында еді. Мұны секта деп атауға болады. Ол маған немен айналысып жүргенін ешқашан айтпады. Себебі мені қатты жақсы көрді», - деген А.Ганем «The Guardian»-ға берген сұхбатында.

Террорист отбасымен соңғы рет 1999 жылы Ауғанстанның Кандагар қаласына жақын орналасқан базада кездескен. Анасының сөзінше, Усама бен Ладен жақындарын көргеніне қатты қуанған.

«The Guardian» Усама бен Ладеннің інілері — Ахмад пен Хассаннан да сұхбат алған. Олардың сөзінше, аналары ешқашан баласын террорист ретінде көрмеген. Ахмад пен Хассан 11 қыркүйек оқиғасының Усаба бен Ладеннің ісі екенін білгеннен кейін ол үшін ұялғандарын да айтқан. «Біз кейін аса қиын жағдайда қалатынымызды да білдік», - деген бен Ладеннің інісі Ахмад.

2001жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-та ірі теракт орын алып, салдарынан 2977 адам қаза тауып, 24 адам із-түссіз кеткен еді. Осы істі Усама бен Ладен басқаратын «Әл Каида» өз мойнына алған. Бен Ладеннің қайтыс болғаны туралы хабар 2011 жылы тараған еді. Оның Пәкістанда америкалық арнайы бөлімше тарапынан өлтірілгені туралы хабарланған.

“The Qazaq Times”