Жапония үкіметі алғаш рет зымыран техникаларды сатып алуды жоспарлап отырғанын білдірді. Бұл зымырандар Солтүстік Кореяның маңызды әскери базаларына алыстан шабуыл жасау мүмкіндігі бар. Сонымен бірге, Жапония үкіметі бұл қадамды Солтүстік Кореядан келетін ядролық қауіптен қорғану үшін жасағалы отырғанын алға тартты. Бұл туралы «WSJ» басылымы хабарлады.
Жапония үкіметінің өткен аптаның соңында жариялаған мәліметінде, Lockheed Martin Co. (LMT) компаниясының зымырандарын қамтыған бұл сатып алу ісіне АҚШ президенті Дональд Трамп та келісім бергені туралы айтылған. Трамп қараша айында Токио сапары кезінде Жапония үкіметін АҚШ-тан қару-жарақ сатып алуға шақырған.
Жапония үкіметі таратқан мәліметте, алдағы жылдың бюджет жоспарында 19 млн АҚШ долларын, жапондық F-35 ұшақтарына Норвегияда жасалған Joint Strike Missile (JSM) зымыранын сатып алуға жұмсалатыны айтылған. Бұл зымырандардың ұшу аралығы 300 мильге дейін жетеді. Елдің Қорғаныс министрлігі сондай-ақ, F-15 соғыс ұшақтарын жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына да қаржы бөліп, оларды «Lockheed Martin» әзірлеген круиздік зымырандармен жабдықтамақ. Бұл түрдегі зымырандардың ұшу аралығы 620 мильге дейін жетеді. Яғни, Жапония тарабы соғыс ұшақтары арқылы Солтүстік Кореяның зымыран қауіптеріне қарсы тұра алады, әрі әскери базаларына алыстан шабуыл жасай алады.
Баспасөз мәжілісі кезінде журналистер Қорғаныс министрлігінің өкілінен бұл зымырандардың Солтүстік Кореяға қаратыла қолданылуы мүмкін бе деген сұрақтар қойған. Жапония қорғаныс өкілдері бұған: «Тікелей ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда немесе дипломатиялық жолдар жабылып, қарулы күш қолдану шешімі бірауыздан құпталған жағдайда қолданылуы мүмкін. Ал, қазір бұл біздің қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасалған шаралар», – деген жауабын берген.