Өзбекстан мен Түркия бірлесіп брондалған автокөліктер құрастырмақ – деп хабарлайды Анадолу ақпарат агенттігі.
Жақында өзбекстандық «UzAuto» компаниясы түркиялық NMS (Nurol Makina ve Sanayi) компаниясымен бірлесіп Ejder Yalçın 4x4 (Эйдер Ялчын) брондалған автокөліктерін құрастыруға байланысты меморандумға қол қойған. Келісім бойынша, әскери автокөліктер Өзбекстанда құрастырылып, Түркия және өзге де мемлекеттерге тасмалданатын болады. «UzAuto» баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, компания жылына бір мыңнан астам Ejder Yalçın 4x4 автокөлігін құрастырмақ.
Түркиялық өндірушілердің сөзінше, Ejder Yalçın 4x4 автокөлігі қуаты жағынан ресейлік және қытайлық көліктерді басып озады. Оның салмағы 14 тонна, ал қозғалтқыш қуаты 375 аттың күшіне тең. Аталмыш автокөлік Түркияда 2014 жылдан бері құрастырылады.