Қытай - халық саны мен әскери күштері жағынан әлемде бірінші орынды, жер көлемі бойынша үшінші орынды алатын, экономикалық қуаты жоғары, ядролық әлеуеті бар, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі, әлемдік маңызды инвесторлар мен арзан жұмысшы күшінің отаны. Саяси жүйесі демократиядан алыс болғанымен, даму көрсеткіштері "халық билігі" құндылығын ұстанатын мемлекеттерден қалыспайтын Қытайдың саяси күнтізбесіндегі атаулы дата жақындап келеді. 18 қазан күні - Қытайдағы Коммунистік Партияның 19-шы Ұлттық Конгресі өтеді. Осы маңызды шараның алдында CNN журналистері Қытайдағы биліктің негізгі тұтқасын ұстап отырғандардың алдыңғы бестігін атауды өтініп, белгілі саясаттанушы, журналистер мен экономистерге жүгінген. Алынған жауаптардың негізінде, назарларыңызға Қытайдағы негізгі билікті қолына шоғырландырған, басқарушы топтарға сөзі өтімді 5 азаматты ұсынамыз:
5.Ли Кычяң (Li Keqiang)
Премьер Ли Кычаң - мемлекеттік және саяси қайраткер, Қытай Халық Республикасы Коммунистік Партиясы басшыларының бірі. 2013 жылдан бері Қытай Үкіметінің басшысы - Премьер-министр болып тағайындалды. Қытайдың ішкі саясатын түгел қадағалап, экономикалық реформаларға басшылық жасап отыр. Дегенмен Лондондағы King's College оқу орнының Қытай саясаты бойынша профессоры Керри Браун Премьер билігінің күшіне сенбейді: "Оның Қытайдағы билігін саяси деуге қарағанда, әкімшілік басқару деп сипаттау дұрыс сияқты. Бұрынғы Президент тұсында Ли Кичаңның "Жастарға" лигасы танымал болса, қазір ол өзінің әлеуетін жоғалтып жатыр".
4. Ма Хуатың (Ma Huateng)
Facebook не Twitter әлеуметтік желілері жоқ Қытайда WeChat қосымшасы ерекше танымалдылыққа ие. Forbes басылымының рейтингі бойынша Қытайдағы ең бай адамдардың тізімінде үшінші орында тұрған Ма Хуатың - WeChat әлеуметтік желісінің негізін қалаушы. Ол өз кәсібін 1998 жылдары Tencent компаниясын құрудан бастаған. Қазір WeChat желісінің қолданушылары - 1 млн асып-жығылады. Шетелдік интернет өнімдерін қатаң шектейтін Қытай жаңа технологиялар нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін бар күшін салып жатыр. Бұл тұста қытайлық "Марк Цукерберг" саналатын Ма Хуатыңның мүмкіндігі зор.
3. Уаң Чишан (Wang Qishan)
Қытайдың қазіргі Президенті Ши Жиң Пиң билікке келген 2012 жылы елдегі жемқорлықты жою туралы мақсатын жария етті. Ол өзінің парақорлардың соңына салатын "аңшысы" есебінде Бейжіңнің бұрынғы мэрі, 2008 жылғы Олимпиада ойындарының ұйымдастырушысы Уаң Кишанды таңдады. Сондықтан қазір қытайлық барлық шенеуніктер аталған тұлғадан қорқады. Ол бірқатар белгілі қайраткерлер мен мемлекеттік қызметкерлерді абақтыға жапқызған. Қытайда бейресми түрде Президенттен кейінгі екінші маңызды лауазымды тұлға саналатын оның болашақта биліктің тұғырындағы таласқа қатысуы екіталай. Өйткені осы жылы 69 жасқа толатын Уаң Чишан өзінен жас азаматтармен ұзақ арпалыса алмайтыны белгілі.
2. Джек Ма (Ма Иун, Jack Ma)
Джек Ма - Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы, қытайлық кәсіпкер. Ел ішінде қоғамдық талқылаудан түспейтін Джек Маны көпшілік әлемдік кеңістікте Ши Жиң Пиңмен қатар тұратын "Қытайдың бет-бейнесі" көреді. 2017 жылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша онлайн нарықтың белді ойыншысы Қытайдағы ең бай адам болып тіркелген. Ол АҚШ-тың соңғы екі Президентімен де (Барак Обама, Дональд Трамп) жеке кездескен адам.
1. Ши Жин Пиң (Xi Jinping)
Қытайдың қазіргі Президенті Ши Жин Пиң елдегі ең маңызды тұлғалардың көшін бастап тұр. Саясаттанушылар Коммунистік Партияның Бас хатшысын 1970-1990 жылдары Қытайды басқарған, әлемге белгілі азамат Дың Шияупиннен кейінгі екінші беделі зор билеуші деп бағалайды.