Қазақстанда 2017 жылдың 1 қыркүйегінде орташа зейнетақы мөлшері 66 051 теңгеге жетті. Ал зейнетақы алатын азаматтардың саны 2 104,2 мың адамды құрады. Бұл туралы ҚР Еңбне және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2017 жылғы қаңтар-тамыз айларында базалық зейнетақыны төлеуге арналған шығындар 223,1 млрд теңге, ал ынтымақты зейнетақы төлемдеріне арналған шығындар – 798,5 млрд теңге болды.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі кезде 669,6 мың адам мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақы алып отыр екен. Оның ішінде 506,6 мың адам мүгедектігі бойынша, 161,2 мың адам асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша, 1,8 мың адам жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік көмекпен қамтылған.
Ал, мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 32 392 теңгені құраса, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін көмек құны 28 571 теңгені, сондай-ақ, жасына байланысты алатын әлеметтік жәрдемақы 12 719 теңгені көрсетті.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бойынша 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап өткен жылмен салыстырғанда зейнетақы мөлшері 20%-ға артты.