Еуразия құрлығында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, экономикалық әріптестікті дамытуды көздейтін Шанхай ынтымақтастық ұйымының қатары жаңа мемлекеттермен толыққаны белгілі. Осы жылдың маусым айында Астана қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммитінде Астана декларациясы мен экстремизмге қарсы күрес жүргізудің одақ көлеміндегі конвенциясы мақұлданып, Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан құралған аймақтық алып одаққа Үндістан мен Пәкістан мемлекеттері қосылды. Осыған дейін аталған ұйымға жаңа мүшелерді қабылдауда Ресей мен Қытай қандай саясат ұстанып отырғанын жазған едік. Ал бүгін Пәкістан мен Үндістан қосылып, шекарасы кеңейген одақтың Қазақстанның экономикасына қалай әсер етуі мүмкін екендін сарапқа саламыз.
Шанхай ынтымақтастық ұйымында болған соңғы өзгеріс батыс елдерін біраз ойға қалдырған сияқты. Әйгілі америкалық саясаттанушы Збигнев Бжезинский «Ұлы шахмат тақтасы» (Великая шахматная доска) деп аталатын еңбегінде «Еуразия – жер шарындағы ең үлкен әрі маңызды кеңістік, сондықтан бұл құрлықты билегендер күллі әлемге ықпалын жүргізеді»,- деп жазған болатын. Расында, жаңа қосылған мүше мемлекеттермен бірге халқының көлемі 1,5 миллиард артып, жалпы саны – 3,1 млрд (әлем халқының 42 пайызы), жер аумағы 34,3 млн шаршы шақырым (жер шарындағы құрлықтың 23 пайызы), жиынтық ЖІӨ 15,2 трлн долларды (әлемдік ЖІӨ 20 пайызы) құрайтын Шанхай Ынтымақтастық ұйымының потенциалы әлем елдерін алаңдатпай қоймасы анық. Әсіресе, Brexit жобасының әсерімен, Еуропаның көптеген елдерінде Еуроодақтан шығуды қолдайтын көңіл-күйдің қалыптасуы, миграциялық дағдарыс, экономикалық тұралау, Еуразия құрлығындағы аталған ұйымның ықпалын төмендетіп отыр. Сондықтан Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы оң өзгерістер Еуроодақты саяси билік сахнасында екінші рөлге ығыстыруы мүмкін.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы әскери одақ болмағанымен, өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – одақтың негізгі басым бағыттарының бірі. Сондықтан Шанхай Ынтымақтыстық ұйымы кездесулерінің аясында кейінгі кездері үлкен қауіпке айналып отырған террористік топтарға қарсы бірлескен күрес жүргізу мәселесі сөз болып жүр. Елімізде болған соңғы жекелеген террористік актілер мен Ресейде дүйім жұртты дүр сілкіндірген Петербургтегі жарылыс - экстремистердің нысанасына Шанхай ынтымақтастық ұйымының аумағы да ілінгенінің айқын дәлелі. Бұл мәселеге қатысты Ресей президенті В.Путин: «Терроризм – бүкіл әлем үшін өзекті мәселеге айналып отырғаны белгілі. Осы тұста біз өңірлік антитеррорлық құрылымның рөлін нығайтып, терроризмге қарсы күресті, оны туындататын әлеуметтік-экономикалық мәселелерді түп-тамырымен жоя отырып, кешенді түрде жүргізуге тиіспіз», -деп ойын білдірген болатын.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының келесі бір үлкен тармағы елдер арасындағы экономикалық, сауда байланыстарын нығайтуға жұмыс істейді. Осы тұста Қазақстан үшін одаққа жаңадан қабылданған қос мемлекетпен де тауар айналымын арттырудың маңызы зор. Үндістан - Қазақстанның Азиядағы тауар айналымы бойынша 6-орындағы үлкен серіктесі. 2017 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысына сәйкес, екі ел арасындағы сауда көлемі 190,5 млн долларды құраса, оның 127 млн доллары Қазақстанның экспортына, ал 63,5 млн доллар қаржы импортқа тиесілі. Бұл көзге қуаныш сыйлайтын көрсеткіштер болғанымен, өткен жылмен салыстырғанда экспорт - 16,9%, импорт - 10,9% төмендеген.
Сарапшылардың пікірінше, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында қос ел арасындағы сауда айналымы 30-40 пайызға артады. Қазақстаннан мұнай, уран сынды негізгі шикізат көздерімен қатар, ферроқұймалар сатып алатын Үндістанда электроника, көлік, техникалық құралдар тапшылығы сезіледі. Халық санының жыл сайын қарқынды өсіп отыруы, ауыл шаруашылық өнімдеріне деген қажеттілікті тудыратыны тағы бар. Бұл - Қазақстан үшін аталған салаларды дамытуды жолға қойып, өндіріске жаңа серпін беруге жақсы мүмкіндік.
Ал Пәкістан мемлекетінің теңіз порттары су жолдарына тікелей шығуға мүмкіндігі жоқ Қазақстанға жаңа логистикалық маңызды нысан. 2014 жылы іске қосылған Қазақстан-Түркменстан-Иран темір жолы, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік жобасының «Солтүстік-Оңтүстік» деп аталатын тармағы Пәкістанның теңіз порттарына жол ашып, Парсы шығанағы нарығына тауар тасымалдауға мүмкіндік береді. Халқының 55 пайызы ауыл шаруашылық саласында жұмыс істейтін Пәкістанның аграрлық секторды игеруден тәжірибесі мол. Ал Қазақстанда игерілмеген бос егістік алқаптары көп. Екі ел арасында сауда байланыстарының еркін дамуы әріптес мемлекеттің тәжірибесі мен техникасын қазақ жерінде пайдаланып, мол өнім алу ықтималдылығын жоғарылатады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген құрамына артылатын үміт көп, сын-қатерлер де аз емес. Батыс басылымдары жарыса жазып, күдікпен қарайтыны – Пәкістан мен Үндістан арасындағы қаншама жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан Кашмир дауы. Шекаралық мәселелерін толығымен шешіп үлгермеген, кезінде бөліске сала алмаған аймақ үшін бір-біріне қарсы қару кезенген екі елдің ендігі жерде бір одақ шеңберіндегі келісім үстелінде өздерін қалай ұстайтыны әлемнің жіті назарында болары анық.