Қазақстанда стартаптардың саны 40 мыңнан асқан. Бұл туралы Finprom сараптама агенттігі хабарлады. Стартап жобалардың көпшілігі өз жұмысын ауыл шаруашылығы және сауда саласында дамытып отыр.
Статистикаға сенсек, бұл көрсеткіш соңғы 10 жылдғағы ең жоғарғы көрсеткіш. Оның үстіне жаңа идеялар базасындағы бизнес түрлері екінші жыл қатарынан жоғарғы өсім көрсетіп отыр. Бір жылда стартап саны 14,4%-ға немесе 5,1 мыңға өскен.
Агенттіктің мәліметінше, жаңа стартапшылар нарығының өсу бос тұрған кәсіпорындар санының қысқару уақытымен сәйкес келді. Мысалы бір жылда уақытша белсенді бола алмаған кәсіпорындардың саны 4,2 мыңға азайған.
Сонымен жаңа стартапшылардың санының өсуі әсіресе, сауда саласында байқалып отыр. Саудада жүрген стартап кәсіпорындардың саны бір жылда 24,7%-ға немесе 2,3 мыңға артқан.
Бұдан бөлек қазақстандықтардың қызығушылығы ауыл шаруашылығында да артқан. Осы саладағы жаңа кәсіпорындардың саны екі есеге немесе 1,3 мыңға көбейген.
Сонымен жаңа кәсіпорындар құрылыс, өңдеуші өнеркәсіп, мемлекеттік басқарудан басқа экономиканы дамытушы барлық салаларда көбейе бастаған. Стартапшылардың сөзінше, Қазақстанда құрылыс саласы өзінің шарықтау шегіне жаткен.
Айта кетейік, елімізде стартап жобаларды қолдайтын бағдарламалар баршылық. Оған қызығушылық танытып отырған жастар да аз емес. Тек Үкімет "осы бағдарламалар аясында осынша қаржы бөлінді, осынша жоба жүзеге асты" деп құрғақ есеппен тоқтап қалмай, жастарды одан сайын демей түссе нұр үстіне нұр болар еді.