Соңғы күндері Ресей мен Батыс елдерінің бәсекелесуі қару-жарақпен жауаптасудың мүмкіндігін жақындатқандай болды. 14-20 қыркүйек аралығында, Ресей мен Беларусь «Батыс өңір-2017» бірлескен әскери жаттығуларын өткізеді. Әскери оқу-жаттығу (ӘОЖ) болатын аумақтың кеңдігі сонша, солтүстік батыстағы Кола түбегінен тартып Беларусь жеріне дейін жалғасады. Бұл Ресейдің Еуропа елдерімен шекаралас барлық аймағын қамтиды.
Бұл оқу-жаттығу көптен бері АҚШ пен НАТО-ға мүше өзге елдердің күмәнін туғызып келеді. Әсіресе, Украина мен НАТО-ға мүше Шығыс Еуропа елдері бұл әскери әрекеттерге алаңдаушылығын жасыра алмай отыр.
«Батыс өңір-2017» оқу-жаттығуы қорғаныс па, әлде қорқыту ма?
Ресей Сыртқы істер министрлігі осыдан бұрын жариялаған хабарында «Ресей мен Беларусь арасындағы аталған әскери жаттығуға 12 мың 700 әскер қатысатынын, бұдан сырт, әскери-әуе күштері (ӘӘК) 70-ге жуық ұшақтар мен тікұшақтарды пайдалануды жоспарлап отырғанын» айтқан. Шамамен 680 әскери техника жұмылдырылатын болған. Бұл сандық мәліметтерден кейін Ресейге шекаралас НАТО мүшелері алаңдамай тұра алмайды.
Осы жаңалықтар жариялана салып, НАТО-ға мүше елдер және Украинамен жаңа шиеленіске ұйытқы болды деуге болады. Соған байланысты, жақында өткен алғашқы баспасөз мәслихатында, Беларустың Қорғаныс министрлігінің бірінші орынбасары және Қарулы Күштер штабының бастығы Белло Корнев «екі ел арасындағы ӘОЖ қорғаныс сипатында екенін, ешбір Еуропа немесе көршілес елдердің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтінін» атап өткен болатын. Әрі, Беларусь тарабы «Батыс өңір-2017» әскери қимылының бейбіт өтетініне кепілдік беруге дайын екенін де аңғартты. Ол үшін Беларусь жағынан жаттығуға қатысатын жауынгерлердің бәрі де терроризмге қарсы күрес күштерінен іріктеліп алынғанын алға тартты.
Сондай-ақ, Ресей Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Александр Фомин мәліметінде, бұл жаттығудың кейбір елдердің айтып отырғанындай агрессия әрекеті емес екенін, екі елдің дәстүрлі түрде өтетін әскери жаттығуы саналатынын, әрі өзгелерге толықтай жария түрде өтетінін айтқан болатын.
Дегенмен, бұл сөздерге бола АҚШ пен НАТО одақтастарының сезімтал жүйкелері босаңсыған жоқ. НАТО Бас хатшысы Столтенберг осыдан бұрынғы мәліметінде "бұл жаттығудың НАТО қауіпсіздігіне қатер төндірмейтінін" растады. АҚШ Мемлекеттік департаменті шілде айында бұл «тұрақты әскери жаттығу» деп бағалады. Бірақ, әскери жаттығудың уақыты жақындай түскен кезде және ресейлік әскери жаттығулардың шынайы өлшемі жария етілгеннен кейін, батыстық қоғамдық пікірде күдіктер көбейе түсті.
AFP-тың (Франция ақпарат агенттігі) 7 қыркүйектегі хабарына қарағанда, Литва және Эстония тараптары «бұл реткі Ресей-Беларусь бірлескен ӘОЖ-ға 100 мыңнан астам адам қатысады» деп мәлімдеген. Бұл деректерді Германияның Қорғаныс министрлігі де растаған. Германия мен Францияның қорғаныс министрлері «Ресей мен Беларусь бірлескен ӘОЖ-ы қорғану мақсатында емес, әскери күштерін әйгілеп қорқыту мақсатында өткізіліп отыр» деп қарайды.
Құрама Штаттар да бұл әскери жаттығуға сәл қарап отырған жоқ. «Уашингтон Пост» АҚШ-тың қорғаныс ведомствосына сілтеме жасай отырып, Белорусь пен Ресейдегі бірлескен әскери жаттығуын бақылау үшін, АҚШ-тың әскери-теңіз күштері тамыз-қыркүйек айларында Балтық теңізіне әскери кемелер жібергенін хабарлады. Сондай-ақ, Балтық теңізі әуе кеңістігін шарлау әрекеттерін жүргізді. Осылайша екі елдің бірлескен әскери жаттығуының ықпал көлемі мұхиттың арғы бетіне дейін өтті.
Бұл дабыраға байланысты жақында Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Мисков арнаулы мәлімдеме жасап, Ресей жақтың жаттығу барысын барынша жария ұстайтыны туралы НАТО мүшелеріне алдын ала ескерткенін алға тартты. Дәстүрлі түрдегі әскери жаттығу болсын, әлде НАТО-ның әскери әрекеттеріне берген жауабы болсын, ағайынды екі елдің бұл әскери қадамдары Украина мен бірге НАТО мүшелеріне алаңдаушылық туғызып отырғаны анық. Соңғы жылдары, НАТО мен Ресей арасы әскери әрекеттермен ғана жауаптасып қалды. Бұның түбі Ресей үшін де НАТО үшін де жақсылық дей алмаймыз. Әлемнің тыныштығы жан-жақтан үркітуге ұшыраған тұста, суық қаруын сумаңдата беретін қай-қайсы ел де бейбітшілік жауы саналады.