Өзбекстанда Ислам Кәрімовке арналған тұңғыш ескерткіш орнатылды - деп хабарлайды жергілікті БАҚ өкілдері.
Бүгін тамыздың 31-і күні Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзиеев пен Ислам Кәрімовтың әйелі Татьяна Кәрімова Ташкент қаласында орналасқан президент резиденциясы алдында Ислам Кәрімовке арналған ескерткішті ашқан. Кәрімовке арналған қоладан құйылған ескерткіштің авторы Өзбекстандық мүсінші Ильхом Жаббаров. Ол 2016 жылы Шавкат Мирзиеев Ислам Кәрімовтың мүсінін жасауға жариялаған халықаралық конкурсты жеңіп алған.
Ескерткіштің ашылу салатанатында сөз сөйлеген Татьяна Кәрімова: «Мен ескерткіш авторына Ислам Абдуғаниұлы Кәрімовтың барлық адами қасиеттерін бір жерге тоғыстыра білгені үшін алғыс айтқым келеді» - деген.
Бұдан бөлек Татьяна Кәрімова Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзиеевқа Ислам Кәрімовтың саясатын жалғасытырып жатқандығына рахметін айтқан.
Өзбекстанда Ислам Кәрімовтың атына ескерткіштен бөлек Бұқара қаласында көше, Ташкент қаласында әуежай берілген. Ал 2016 жылдың қараша айында Ислам Кәрімовтың әйелі Татьяна Кәрімова мен кіші қызы Лола Кәрімова-Тилляева Ислам Кәрімов атындағы қоғамдық қайырымдылық қор құрған болатын.
Айта кететін бір жайыт Ислам Кәрімов қайтыс болғаннан кейін оның үлкен қызы Гүлнара Кәрімованың үстінен жемқорлық, ақша бопсалау, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және т.б айыптар бойынша қылмыстық іс қозғалған. Өзбекстан бас прокуратурасы таратқан мәлімет бойынша, қазіргі таңда Гүланара Кәрімованың жемқорлықпен тапқан 2 миллиард доллар қаржысы әлемнің 12 елінде құнды қағаз, банк шоттары, жылжымайтын мүлік түрінде сақталған.