Қазақстанда бір жылда шәй мен кофе бағасы айтарлықтай қымбаттаған. Алайда бұл қазақстандықтардың сұранысына әсер етіп отырған жоқ.

Energyprom.kz агенттігінің мәліметінше, кофе мен шәйдің бағасының өсімі 16 пайызды құраған. Сондай-ақ, жарты жыл ішінде Қазақстанға 62,8 млн долларға 17,2 мың тонна шәй экспортталған. Ал тамыз айындағы баға шілдеге қарағанда 0,1 пайызға көтеріліп, 1 кг шәйдің орташа құны 2,9 мың теңге болған.

Шәй ең қымбат өңір Қостанай. Мұндағы 1 кг өнімнің орташа бағасы 3,3 мың теңге. Алматыда да дәл осы баға. Астана қаласында 1 кг шәйді 3,1 мың теңгеге сатып алуға болады.

Отандық өндірісте соңғы жылдарда өнімді шығару айтарлықтай бәсеңдеген. Шәй-кофе шығару 2015 жылдың көрсеткішіне қарағанда 2016 жылы 9,8 пайызға төмендеген. 2015 жылы өндіріс 6,8 пайызға, 2014 жылы 4,7 пайызға қысқарған.

Осы жылдың алғашқы жартысы бойынша шәй мен кофе импорты 21,59 мың тонна болған және 19,5 пайызға жоғары. Оның ішінде шәй импорты 17,22 мың тоннаны құрайды (62,76 млн доллар). Ішкі нарықта өнімдерді шығару 14,8 пайызға көбейіп, 28,94 мың тоннаға жеткен.

Қазақстанға шәй импорттайтын елдер: Кения (25,5 млн долларға 6,97 мың тонна шәй экспорттаған), Үндістан (22,86 млн долларға 6,92 мың тонна шәй келген) және Ресей (10,25 млн долларға 1,74 мың тонна шәй әкелінген).

Орташа есеппен әрбір қазақстандық жылына 1,6 кг шәй пайдаланады екен.

“The Qazaq Times”