Пәкістан үкіметі Үндістан үкіметін Кашмир өңірінде, биыл бір жылдың ішінде, 600 реттен астам арандатушылық әрекетке барды деп айыптады. Соның салдарынан пәкістандық 34 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын алға тартты. Бұл туралы «Hindustan Times» (Үндістан таймс) басылымына сілтеме жасай отырып, «Шинлаң» ақпараттық сайты жазды.
Пәкістанның СІМ мәлімдемешісі Нафис Закария Үндістан үкіметінің көші-қон арқылы Кашмир жергілікті халқының демографиялық құрамын өзгертуге ұмтылып отырғанын айыптады. Бұл туралы Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің өкілі тұрақты өткізілетін апталық баспасөз конференциясында айтты. Сонымен бірге ол, бұрынғы Пакістан премьер-министрі атынан БҰҰ-ға жолданған хатта да, Үндістанның Кашмир халқының демографиялық құрамын өзгертуге тырысқан әрекеті үстінен шағымданғандарын айтып өтті.
Пәкістан жақ бұған қоса, БҰҰ әскери бақылаушылар тобының Үндістан үкіметі жағынан шектеуге ұшырап отырғанын да атап өтті. 1947 жылы Үндістан мен Пәкістан бөлінгеннен кейін, екі ел арасында Кашмир өңірі үшін талас соғыс жүргізілді. 2003 жылы қос тарап Кашмир мәселесінде келіссөз жүргізіп, қақтығысты тоқтатып, ортақ бақылау аймағы ретінде келісімге қол қойды. Алайда, екі ел арасында қақтығыстар толастап қалған жоқ. Соңғы кездері, Үндістан-Қытай, Үндістан-Пәкістан арасындағы шекаралық даулар өршіп, Пәкістан мен Қытайдың стратегиялық одақтастығын арттыра түсті.