Денсаулық саласында жұмыс істеп жатқан жеке ұйымдардың табысы мен шығыны мемлекеттік медициналық мекемелердікіне қарағанда әлдеқайда тиімдірек. 2016 жылы жеке денсаулық сақтау ұйымдарының табысы салық төленгеннен кейін 9,4 млрд теңгені құраған. Ал мемлекеттік мекемелердің шығыны 1,8 млрд теңге болды.
Finprom.kz агенттігінің мәліметінше, медицинадағы жеке секторлардың табысы бірден жоғарылаған. 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда жеке меншік клиникалардың табысы 2,5 есеге өскен.
Ал мемлекеттік клиникалар болса соңғы төрт жылда, яғни 2013 жылдан бері шығынға ұшырап келеді. Мемлекеттік сектордағы ең қиын жағдай 2015 жылы теңге еркін айналымға жіберілген кезеңде қалыптасқан. Себебі теңгенің әлсіреуі себебінен импорттық мединциналық құралдардың бағасы өсіп кеткен. Осы уақытта мемлекеттік медициналық мекемелер 5,1 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған.
Сондай-ақ, айта кететін жайт 2016 жылы мемлекеттік медициналық мекемелердегі кіріс 20,9%-ға көбейген. Ал 2015 жылы кіріс сомасы 7,4%-ға қысқарып кеткен. Алайда мемлекеттік сектордағы шығын да табыспен тепе-тең болып отыр. 2016 жылғы шығын 20,1%-ға өсіп отыр.
Айта кетейік, осы жылдың шылде айынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл мемлекеттің, азаматтардың, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттырып, медицина саласында бәсекелестік орнайды.
Дегенмен енді осы жүйе арқылы жиналған қаржы мемлекеттік мекемелердің шығынын жабуға кетпесе болғаны.