Алматыда 4 балдық жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

"Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы" Мемлекеттік Мекемесінің сейсмикалық стансалар желісі бойынша 9 тамыз күні Астана уақытымен таңғы сағат 5:28 шамасында жер сілкінісі тіркелген. Зілзаланың эпицентрі Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 485 шақырымда байқалған.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы - 14,8, магнитуда MPV - 6.8. Зардап шеккендер туралы мәлімет түспеген.

Айта кетейік, 9 тамызға қараған түнде Қытайдың батыс өңірінде 6,5 балдық жер сілкінісі болды. Үстірті таулы аймаққа орналасқан Сычуан провинциясы сілкініс центрі болған. Салдарынан 13 адам қаза тауып, 175 адам зардап шеккен. Бірнеше сағаттан кейін Алматыға шамамен 500 шақырым қашықтықтағы Шынжаңның Бұратала облысында 6,3 балдық жер сілкінісі тіркелген.

“The Qazaq Times”