Гималай тауының шалғай шатқалдарының бір түкпірінде Қытай мен Үндістан арасындағы шекара дауының білтесі тұтап жатқанына 30 жылдан асты. Асфальтсыз тастақ жолға жалғасқан бұл шекара Қытай, Үндістан және Бутан қатарлы үш елдің территориясын түйістіріп тұр. Қазіргі кезде екі ядролық держава арасында шиеленістің бір ұшығы да осы жол.
Теке тірес өткен айдан басталған болатын. Үндістанның бауырлас көршісі Бутан Қытай жұмыскерлеріне аталған жолды жөндетуді жолға қойған. Үндістан жақ бұған жауап ретінде әскерлері мен қару-жарақтарын жіберіп, құрылысты тоқтатуға тырысқан. Қытай жақ бұл үшін Үндістанды айыптап олардан әскерлерін кері шегіндіруді талап еткен болатын.
Қазір Үндістан мен Қытай құрлық әскери қосындары шекара маңында күшті дайындықта тұр. Тіпті екі елдің құрлық әскери қосындары бір-біріне бірнеше шақырым қашықтықта ғана орналасқан. Әзірге дейін шиеленістің оңалатын белгісі байқалмайды. Екі елдің мұздай құрсанған құрлық әскери қосындары бір-біріне айбар шегіп тұрған жерде соғыстың үрейлі лебі есуде. Осының бәрі ядролық держава саналатын екі елдің менмендігі мен асқынған ұлтшылдығын әйгілеп тұр. Ал, екі елдің лидерлері де қабағынан қар жауған қатаң басшы екені тағы бар. Олардың халықаралық дүбірлі жиналыста болсын, АҚШ, Еуропадағы сапарлары болсын бір-біріне жол беріп, бір қадам шегінген жері тағы жоқ.
АҚШ Сыртқы саясатты зерттеу институтының Қытай-Үнді ісі жөніндегі арнаулы ғалымы Жефф Смистің пікірінше, қазіргі жағдайдан алып қарағанда дауды үкімет ара бейбіт ретке салу аса маңызды. Десе де, ол жағдайдың бір сәтте-ақ соғысқа ұласып кетуі бек мүмкін екенін айтып алаңдаушылық білдіріп отыр.
Екі жақтың территория тұтастығындағы ұстанымдары да мейлінше қатаң. Сондықтан да жағдай бірден ушығып кетті деуге болады. 1962 жылы да екі ел арасында шекара дауы себебінен қақтығыс орын алған болатын. Смисттің айтуынша бұл ретте де өткен тарих қайталануы әбден мүмкін.


















АҚШ «тасадағы флотқа» тосқауыл қойды: Olina танкері және теңіздегі жаңа санкциялық соғыс
Венесуэладағы әскери операция: Трамптың мәлімдемесі және аймақтық тұрақсыздық тәуекелі
Украина соғыс жағдайындағы басқару моделін қайта қалыптастыруда: Буданов президент кеңсесіне келді
Йемен соғысының жаңа кезеңі: оңтүстіктегі қақтығыс және аймақтық державалардың ойыны
Бейбітшілікке бөгет болған логика: Украина–Ресей соғысының шешілмейтін түйіні
Наразылықтың түп-төркіні: Иран қоғамын алаңға шығарған негізгі себептер