Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 23 шілде күні Стамбулдан Шығанақ елдеріне сапарға аттанды. Сапарының басты мақсаты көп уақытқа созылған Катар дағдарысында Шығанақ елдері арасында делдалдық кездесулер жасау. Екі күнге жалғасқан сапарында Түркия басшысы Сауд Арабиясы, Кувейт және Катар қатарлы үш елде сапарда болып қайтты.

Ердоғанның Катар дағдарысында белсенді ара ағайындыққа жүгіретін жөні бар. Көптен бері Түркияның Батыс елдерімен болған қарым-қатынасының салқындап кеткенін белгілі.  Шығыс пен Батыстың түйіскен тұсында жасап жатқан түрік елі, бір ауық өзін әлемнің еркесіне балап, жөнді-жөнсіз еркеліктерге барғанын білеміз. Түркияның Еуропа және АҚШ-пен болған қарым-қатынасы қиындап тұрған жағдайда Ердоған Катар дағдарысының артында тұрған Сауд Арабиясы сынды Түркия мүддесіне ықпалды елдерді ренжітіп алғысы келмейді. Ал, Шығанақ елдері арасында тығыз қарым-қатынаста тұрған Катардың дипломатиялық дағдарысы Ердоған үшін сенімді сүйеніш арқалығының құлап қалғанымен бірдей.

Ердоған Стамбулдан аттанар алдында баспасөз конференциясын ашты. Ол сөзінде: «Ешкім де бұл дағдарыстың ұзаққа созылуына ниетті емес. Мен бұл сапарымды өңірдің тұрақтылығы үшін пайдалы болады деп үміттенемін», – деді. Ол сөз арасында бауырластар арасындағы берекесіздікті сынға алды, алайда сөз ұшын нақты кімге бағыттап тұрғанын ашып айтпады. Ердоған Катардың шиеленісті келіссөз арқылы шешуге деген белсенділігін алқай келіп, мәселенің шешім табуына Шығанақтағы «атаман» Сауд Арабия басты рөл атқаруға тиіс деген пікірін білдірді. Кувейттің де дағдарыс барысында ара ағайындыққа тырысқанын алқауды да ұмытпады.

Катар болса Түркияның араб елдері арасындағы сенімді одақтасы. Дегенмен екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастар бірқалыпты, ал саяси-стратегиялық мүдделері өзара сәйкес келетін. Сүрия дағдарысы және өзге де өңірлік мәселелер кезінде бір-бірін қолдап келген. Егер Катарда Түркия әскери базасы салынса Шығанақ жағалауына мыңдаған түрік жауынгерін орналастыруға болады. Әрі бұл Парсы шығанағындағы Түркияның бірден бір әскери базасы болып табылар еді. Сауд Арабиясы бастаған төрт елдің Катарға жолдаған 13 тармақты шартында да бұл мәселе тілге тиек етілді. Олар Катардағы Түркия әскери базасының салынуын тоқтатуды талап еткен болатын.

Француз ақпарат агенттігінің (Agence France-Presse) хабарына қарағанда, Катар дағдарысы орнағаннан кейін Түркия Катардағы әскери база құрлысын жеделдете түскен көрінеді. Қазірдің өзінде Катарда 150 түрік жауынгері бар.

Мол мұнай мен газ ресурстарына қарамастан, Катарда тұрмыстық материалдар тапшылығы ауыр. Бұл жағында шағын түбек елі импортқа ғана сүйенеді. Сауд Арабиясы басталған елдердің әуе, құрлық, су жолдарын тосып тастағаннан кейін, Иран мен Түркия бұл бостықтың орнын толтыру үшін Катардың ең негізгі импорт көзіне айналды. Reuters агенттігінің хабарына қарағанда, өткен айдың өзінде Түркиядан Катарға жеткізілген зат мөлшері 200 ұшақтан асып кеткен. Екі ел арасындағы экспорт екі есеге артқан.

Ал таразының екінші басында тұрған Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр қатарлы елдер Түркияның көп жылдық сауда серіктері. Сондай-ақ, Анкара жақ Сауд Арабиясына көптеген қару-жарақ сатып беруге үміткер. Түркиядағы саяси өзгерістен кейін, түрік елінің Еуропа және Америкамен болған қарым-қатынасы нашарлады. Түркияның ендігі жерде айналасындағы елдермен, әсіресе Сауд Арабиясы, Египет тағы басқа да араб елдерімен болған қарым-қатынасына салқындық түсіріп алғысы келмейді. Сондықтан да, Ердоған дағдарыстың барынша тезірек шешім тауып, Араб елдері арасындағы шиеленістің шешім табуын, шығанаққа байланған түрік мүддесінің қыспақтан құтылуын қалайды.

Ал енді Ердоған сапарының Түркияға сірә қаншалықты пайдасы бар деген сұраққа келер болсақ, екі жақты қарауға болады. Сауд королі Еуропаға көпір болып отырған, мұсылманшылықты жақтаушы түріктердің талап-тілегін қабылдап, өзге араб елдерін Катарға салған бұғауды босатайық деп жатса, бірер ай бойы Ердоғанның табан етінің төлемі еселеп қайтар еді. Дегенмен, осының керісінше нәтиже беруі де ғажап емес. Себебі, Түркияның Шығанақ елдерімен болған қарым-қатынасы бейтарап ретінде саналмайды. Түрік әскери базасының Катарда салынып жатқаны тағы бар. Осының бәрі қабындай келе Түркия президентінің бүгін аяқталуға тиісті сапары құр албарынды шабысқа айналып қалмас па?!

“The Qazaq Times”