Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Көрпеңе қарай көсіл» деген сөзі қоғамда үлкен талқылау тудырды. Бұл пікір оның әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты айтқан ойының бір бөлігі болғанымен, халық арасында әртүрлі қабылданды. Бірі бұл кеңесті үнемшілдікке шақыру деп түсінсе, енді бірі билік халықтың нақты мәселелерін шешудің орнына жауапкершілікті азаматтардың өздеріне аударып отыр деп сын айтты.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында қозғалған қосымша құн салығы (НДС) көтеру бастамасы басталып жатқанда Тоқаевтың халыққа  «Көрпеге қарай көсілу» ұсынысы вице-премьер Серік Жұманғаринның «Қосымша құн салығы енгізілгеннен кейін тауар бағасы 5-6% қымбаттауы мүмкін» дегеніне сайғандай. Тауар бағасы Жұманғарин айтқандай 5-6% емес одан еселеп асып кетсе көрпеге көсіліп емес бүктеліп те сыймай қалары анық.

Тоқаевтың бұл мәлімдемесі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызып халық пікірін екіге жарды. Оны қолдаушылар бұл сөздің астарында ақылға қонымды кеңес бар деп есептейтінін экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін әркім өз шығындарын бақылап, ысырапшылдықтан арылуы тиіс, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігін арттыру керек дегенді ескертті десе сынаушы көпшілік бұл сөзді биліктің экономикалық қиындықтардан халықты өз бетінше шығуға итермелеп отырғанының белгісі ретінде қабылдады. Әсіресе, халықтың табысы төмендеген, баға өсіп жатқан шақта мұндай ұстаным сынға ілікті. «Қарапайым халық көрпесіне қарай көсіледі, ал шенеуніктер ше?» деген сұрақ жиі қойылды.

Бұл туралы біраз экономистер халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін тек үнемдеуді емес, кірісті арттырудың нақты жолдарын қарастыру қажет. Мемлекет әлеуметтік төлемдерді көбейту, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыс орындарын ашу секілді шараларды күшейтуі керектігін айтуда.

Президенттің «Көрпеңе қарай көсіл» деген сөзі қоғамда әртүрлі пікір тудырды. Біразы оны өмір сүру дағдысын өзгертуге шақыру деп тәпсірлесе, қоғамның көп бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешудегі биліктің жауапкершілігін еске салды. Бұл пікірталас билік пен халық арасындағы сенім деңгейін тағы бір рет көрсетіп берді. Ең бастысы, мұндай пікірлер елдің экономикалық саясатындағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға себеп болуы тиіс.