Украина президент Владимир Зеленский Финляндия, Швеция, Дания және Норвегия журналистеріне берген үлкен сұқбатында Украинаның шабуылға шығып, Ресей басып алған жерлерді азат ететініне сенімді екенін мәлімдеді. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.
Зеленский Украинаға қару-жарақ жеткізу мәселесінің маңызы зор екеніне тоқталған. "Шабуылдың қашан және қалай болатынын нақты айта алмаймын. Иә, көп жайттың бізге байланысты екені рас, бірақ қару-жарақ түрлерін жеткізу мәселесі де бар. Біз адам өмірін барынша сақтауға тырысамыз, сол себепті қару-жарақтың маңызы өте зор",- деді Зеленский. Оның сөзінше, Украинаға қару-жарақ жеткілікті берілмесе, соғыс ондаған жылдарға дейін созылуы мүмкін.
Алайда, Зеленскийдің сөзінше, Украина бізге F-16 ұшағы қашан беріледі деп күтіп отыра алмайды. "Жоқ, олай емес. Біз бастай береміз", - деді Украина президенті. Әзірге Украинаға F-16 ұшағын береміз деп ешкім уәде берген жоқ. Украина бұған дейін Батыстағы серіктестерінен әскери ұшақ сұраған.
Зеленский Ресей 2014 жылы аннексиялаған Қырымды да Украинаға қайтаратына сенімді. Ол 1939-40 жылдардағы Совет одағы мен Финляндия соғысын еске алып, "Украина тәуелсіздігін сақтап қалу үшін жерінің бір бөлігін беруге мәжбүр болған Финляндия секілді бола алмайды" деді.
Зеленский өткен жылдың көктемінен бері Реесй "әсіресе моральдық тұрғыдан өте қатты әлсіреді" деп санайды. "Ресей қуатты мемлекет, қару-жарағының да түр-түрі бар, бірақ моральдық тұрғыдан көп нәрсе өзгерді... Олар өлгісі келмейді, екпіні қайтып, рухтары құлап қалды. "Екі-үш күнде Киевті алып, оп-оңай аяқтай саламыз" деп ойлап, енді не боп кеткенін түсінбей қалды... Олар моральдық тұрғыдан сынды", -деп мәлімдеді Украина президенті.
Зеленский сұқбатының үзінділерін көрген Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев әдеттегіді өзіне тән стильмен "Украина қарулы күштеріне күйрете соққы беріп, Киевтегі нацистік режимге біржола нүкте қоюға" шақырды.