Минск соты 3 наурызда беларус құқық қорғаушысы, бейбітшілікті нығайту саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Алесь Беляцкийді 10 жыл түрмеге кесті. Бұл жөнінде Азаттықтың Беларус қызметі хабарлады,-деп жазды Азаттық Радиосы.
Беляцкиймен бірге оның әріптесі "Весна" құқық қорғау ұйымының өкілі Валентин Стефановичке де үкім оқылған. Сот оны 9 жылға бас бостандығынан айырды. Владимир Лабкович – 7 жылға бостандығынан айырылды, сырттай сотталған Дмитрий Соловьёвке 8 жыл түрме жазасы берілді.
Құқық қорғаушыларға 2020 жылы Александр Лукашенкоға қарсы наразылықты "қаржыландырды" және "ақшаны шекарадан заңсыз өткізді" деген айыптар тағылды. Құқық қорғаушылар тағылған айыптарды жоққа шығарып, өздерін саяси себеппен қудалап отыранын айтқан.
Алесь Беляцкий 2022 жылы беларус түрмесінде отырған кезде оған бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы берілді. Онымен бірге Нобельдің бейбітшілік сыйлығы украиналық Азамат бостандықтары орталығы мен Ресей билігі тыйым салған "Мемориал" ұйымына берілді. Сыйлық түрмедегі құқық қорғаушының жұбайы Наталья Пинчукке табысталған.
"Түрмеде тек Алесь отырған жоқ – азаматтық позициясы үшін қудаланып, қамалған мыңдаған беларус азаматы отыр. Жүздеген мың адам демократиялық елде өмір сүргісі келгені үшін елден кетуге мәжбүр болды. Беларусьте, өкінішке қарай, билік жылдар бойы өз халқына, тілі мен тарихына, демократиялық құндылықтарға қарсы соғыс жүргізіп жатыр" деді Ослодағы салтанатты шара кезінде Наталья Пинчук.
Айыпталушылар сот отырысы кезінде процесті беларус тілінде өткізуге өтініш берген. Алайда судья елде екі мемлекеттік тіл барын алға тартып, өтінішті орындамаған.
2011 жылы Беларусь соты "салықтан жалтарды" деген айыппен Беляцкийді 4,5 жылға соттап, қатаң режимдегі колонияға жіберген. Құқық қорғаушы Беляцкий жалпы белсенділігі үшін 20 реттен астам қылмыстық жауапқа тартылған.
- АҚШ, ЕО елдері және бірқатар өзге елдер Беларусьте 2020 жылы тамызда өткен президент сайлауынан кейін Александр Лукашенконы елдің заңды президенті деп танудан бас тартты. Елде сайлаудың ресми қорытындысына келіспегендердің наразылығы аяусыз күшпен басып-жаншылды. Батыс елдері Лукашенко мен оның айналасындағы шенеуніктерге санкция салған. Лукашенко режимі адам құқығын өрескел бұзды, оппозицияны қудалады деп жиі сыналады.