Бүгін 26 қаңтар Жамбыл облысы Тараз қаласының қалалық 2 сотында "Қанды қаңтар қырғынна" байланысты оқ тиіп қайтыс болған 5 азамат пен тірі 4 азаматқа қатысты сот процесі басталды.
Судья Бағдат Төребекұлы сот залынан БАҚ өкілдерін кедергі келтіресіңдер деп шығарып жіберді.
Сот процесінен бұрын журналистерге сотталушылар өздеріне тағылып отырған айыппен келіспейтіндерін айтты.
Он айдан бері қамауда отырған Асхат Тәшекеев – Маған ҚР ҚК 272 бабының 1 және 2 тармағы бойынша айып тағылған. Басында «терроризмды» ілген. Кейін оны алып тастады. Өзіме тағылған айыпты мойындамаймын. Барлығы өтірік, бәрі жалған. Неге екенін білмеймін, барлығын шығарып жіберді, бізді түгі жоқ, ешкімі жоқ деп қамап отыр, – деді.
Мемлекеттік айыптаушы жарыссөзде Асхат Тәшекеевті 4 жылға бас бостандығынан айыруды, орташа дәрежедегі қауіпсіздік колониясында жазасын өтеу жазасын беруді, алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуді сұрады.
Осында отырғандардың ішінде терроризіммен айыпталып отырған Бекбау Марат: – 255 баптың 1 тармағын ілді. Басында 255 баптың 4 тармағын ілген. «Акт терроризма» деп, адамдарды айдап салдың дейді. Мен орталықта адамдармен бірге болғаным болмаса, ешқандай шаруам жоқ. 6 қаңтарда аяғыма екі оқ тиіп, осы балдақпен «достасып қалдым». Тергеу изоляторында бізге медициналық көмек көрсетілмейді. Олар бізді адам құрлы көрмейді. Көмек сұрасаң жоқтан басқа ешнәрсе айтпайды. Мен қанша рет арыз жаздым. Бірақ арыздарымыз сыртқа шықпайды, – деді.
Тағылған айыппен келіспейтін Бекбау: – Егер маған жазықсыздан жазықсыз бас бостандығымнан айыру жазасын қолданатын болса, онда мен өз-өзіме қол жұмсаймын. Себебі мен жасамаған ісім үшін отырғым келмейді. Мен митинг қылмыс деп санамаймын. Ешқандай елде ол қылмыс деп саналмайды. Біз ол жерде арзаншылық болсын, әділдік болсын деп талап қойдық, – деп ескертті.
Бекбау Маратқа мемлекеттік айыптаушы ҚР ҚК 272 бабының 2 тармағына қайта сараланып, 4 жыл бас бостандығынан айыруды және алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуді сұрады.
Қанды қаңтарда жарылыларға көмектескенім үшін жазықты болдым деген Ғани Керімбаев та өзіне тағылған айыппен келіспейді.
– Мен сол жерде жаралы адамдарды ауруханаға апарған болатынмын. Содан бері неше түрлі бапты ілді. Қазір 272 баптың 2 тармағымен сот болып жатыр. Өзіме тағылған айыпты мойындамаймын. Мен жаралы адамдарға көмектестім. Екі адамды ауруханаға апардым. Біреуі қайтыс болып кетті, біреуі тірі қалды, – деді Керімбаев.
Прокурор Ғани Керімбаевты 3 жылға бас бостандығынан айыруды, рақымшылыққа байланысты жазаны 9 айға қысқартып, сот залынан босатуды сұрады.
Прокурор Нұрбол Ережеповты 3 жылға шартты жазаға кесуді, рақымшылыққа байланысты жазаны 9 айға қысқартуды сұрады. Ол бұған дейін сотқа «ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасымен» қатысып келген.
Мемлекеттік айыптаушы, прокурор Ғани Құрманов Қанды Қаңтар кезінде оққа ұшып, қайтыс болған Райс Рысбековты, Ержан Байжановты, Нұрсұлтан Қуатбаевты, Тоқтар Ошақбайды және Исатай Донбаевты кінәлі деп танып, олардың қаза болуына байланысты жазадан босатуды сұрады.
Марқұмдардың туыстары мен адвокаттары прокурор сұраған жаза мен таққан айыппен келіспейтіндерін айтып, судьядан жақындарын ақтауды сұрады.
Cот жалғасып жатыр...