Жаза мерзімі ұзартылған түрмедегі белсенді Ержан Елшібаев Қызылордадан Ақтөбедегі түрмеге этаппен жеткізілген. Ол жақтан қатаң режимді колонияға жіберіледі. Бұл жөнінде Азаттыққа жуырда Елшібаевтың өзі хабарлады. Ол Азаттыққа Ақтөбедегі № 70 мекеменің таксофонынан хабарласты, -деп жазды Азаттық радиосы.
Желтоқсанда Елшібаевты Қызылордадағы ЗК-169/5 колониясынан этаппен жіберген. Мұнда ол 2020 жылдың күзінен бері қамауда болған. Өткен айда Елшібаев өзінің жазасын бір жылдан сегіз жылға дейін ұзартқан Қызылорда сотының үкіміне апелляция түсіріп, соттан жеңілген еді.
Белсендінің айтуынша, енді оны Қарағанды облысы Абай ауданы Солтүстік Қараған ауылындағы қатаң режимді 159/5 мекемесіне этаппен жібермекші.
Белсенді отырған Ақтөбедегі КА-168/1 (қазіргі № 70 мекеме) мекемесінің бастығы Аман Құлмұхамбетов Азаттыққа Елшібаевтың мекемеге "Жаңа жылға дейін" жеткізілгенін растады.
"Қазір ол бізде отыр" деді Құлмұхамбетов. Бірақ Елшібаевты қайда жіберетінін нақтыламады. Оның сөзінше, "аралық түрмеде" отырған Елшібаев "бірінші этаппен" жіберіледі.
34 жастағы Ержан Елшібаевты 2019 жылғы қарашада Жаңаөзен қаласының соты бес жылға бас бостандығынан айырған. Белсендіге "біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді" деген (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) айып тағылған еді. Тергеу органы Елшібаев 2017 жылы Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған деп мәлімдеген. Кейін 2019 жылғы 25 қарашада әлгі оқиғаға қатысы бар адамдар Елшібаевқа еш талабы жоғын айтса да, апелляция соты үкімді күшінде қалдырды. Қазақстандық құқық қорғаушылар "бұл істің саяси астары бар, Елшібаев қоғамдық белсенділігі үшін түрмеге қамалды" деп мәлімдеп, оны "саяси тұтқын" деп таныған.
Елшібаевтың жаза мерзімінің аяқталуына шамамен бір жылдай уақыт қалғанда былтыр 29 қыркүйекте сот белсендіні "түрме талаптарына бағынбады, тыйым салынған заттарды сақтады, өзіне қол салды, сотталушыларды бүлікке үгіттеді" (Қылмыстық кодекстің "Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау" бабы) деп танып, оған тағы тағы 7 жыл түрме жазасын қосып берген. Сотта Елшібаев айыбын мойындамаған. Елшібаевтың адвокаты Жанар Сүндетқалиева бұған дейін Азаттыққа Қазақстан Жоғарғы сотына кассациялық шағым түсіруге дайындалып жатқанын айтқан.
2022 жылы тамыз соңында Қазақстанға келген Еуропарламент депутаттары Астананы белсенділерді қудалауды дереу доғаруға шақырған. 2021 жылы 2 маусымда БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі Ержан Елшібаевтың ісінде "адам құқығы саласындағы халықаралық нормаларды бұзды" деген қорытынды жасап, оны қамаудан босатуды талап еткен. БҰҰ жұмыс тобы билік Елшібаевқа өтемақы беруі тиіс деп санайды.
Қазақстан билігі түрмелерде саяси тұтқын барын мойындамайды және елде саяси қудалау жоғын айтып келеді.