ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырды салыстыруға болмайды. Әлемдік деңгейде алып қарасақ, ХХІ ғасырдың алғашқы жиырма жылы әлем халықтарының бір-біріне ықыластануы, көмек қолын созуы, мүмкіндігінше өздерінің жақсы тұстарын көрсетіп, соны үйренуі, мемлекеттік тұрғыда интеграцияға кіру жағынан жағдайдың қаншалықта дамығанын байқауға болады. Міне, осы тәжірибеге сүйеніп, әлем халықтарының бір-бірімен тығыз байланысқа шықпай, бір-біріне деген қамқорлық ниетпен араласпаса, өркениеттің алға баспайтыны анық.
Соның бір бөлшегі болып есептелетін, әлемдік деңгейде өркениетті елдің бірі ретінде танылған біздің ел, яғни Қазақстан мемлекетінде бейбітшілік, тыныштық тұрғысынан жақсы қадамдар жасалып жатыр. Оның негізі жылда өткізіліп жатқан адамзаттыққа арналған республикалық қана емес халықаралық ауқымды көлемдегі форумдар, конференциялар, басқосулар осының бірден-бір айғағы. Мысалы, жақында ғана елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтті. Оған қатысқан Рим Папасы Франциск қазақтың ұлы философы Абайдың ойларын мысалға келтіре отырып, қазіргі әлемдегі діннің маңызы мен қажеттілігін айтты. Сөзбе сөз айтсақ, «адам мәңгілік емес. Сондықтан біз экономикалық сұраныстарды қанағаттандыру үшін ғана емес, рухани дүниені байытумен де айналысуымыз керек. Әлемдегі адамдарды рухани қасиеттер біріктірсе ғана әлемде бірлік орнайды. Бұл жайлы қазақтың ұлы ойшылы Абай да айтып кеткен. Абай, ең алдымен, адам болу қажет деген даналық бағытты ұстанды» деген еді Рим папасы.
Жалпы, тегіміз түркі халқы болғандықтан, іштей түркі халықтарының басын біріккенін қалап тұрамыз. Ал қазақ елінің ұстанатын позициясы – бірлік, тұтастық. Өйткені біз өзімізді алып бәйтерекке теңесек, түркі халқы тамырына нәр беріп отырған бұтағы. Ал оның жайқалып, өсуі – ауызбіршіліктің арқасы. Сондықтан бір бәйтеректің бір басында тамыры, бұтағы діні, жапырағы бәрінің өзінің атқаратын міндеті бар. Сол себепті, біз ешқашан бөлініп, жарылмауымыз керек. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей, бөлінгеннен гөрі, біріккеніміз дұрыс. Соның бір көрінісі ретінде елімізде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VІ саммиті басталды. Сол жерде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгін біз бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу. Көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды» деп өзін мықты дипломат ретінде көрсете білді.
Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтуі, оған Рим папасының келуі, көп ұзамай, тағы бір елеулі шара – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі саммиттің басталуы – осының бір нақты дәлелі.
«Бірлік бар жерде, тірлік бар» дегендей халықаралық қатынастарда мүмкіндігінше түсіністікпен сөйлесу, мәселені келісіммен шешуді жолға қойғанбыз. Сондықтан қазақ елінің болашағы нұрлы болады деп сенемін. Себебі, өзіміз бейбітсүйгіш халықпыз. Оның үстіне, қазақғымыздың бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпағы өте сезімтал, алғыр, қабілетті жастар. Оларға артқан үмітіміз де зор.