Еліміздің басты құндылығы – адам. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Ұлт саулығын ойлау – басты мәселе. Денсаулық саласында талай жылдан бері түрлі реформалар жүргізілді. Пандемияның тигізген зардабы көп. Ұлт саулығын түзету үшін қажетті Ұлттық жобаны жүзеге асыруымыз қажет. Осы тұрғыдан келгенде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйектегі Халыққа Жолдауы осы мәселенің бағыт-бағдарын айқындап берді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр.
Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті» деген еді. Тіпті Президент Үкіметке әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырды.
Елімізде қаншама емдеу мекемелері бар. Шалғайдағы елді мекендегі емдеу мекемелерінің жай-күйі қандай? Ауылдағы ағайынның басы ауырып, балтыры сыздаса, емделетін мекемесі сақадай-сай ма? Мәселе – осында! Президент те осыны қадап-қадап айтып отыр.
Келесі жылдан бастап медицинада ұлттық жоба жүзеге асады. Бұл жоба ең алдымен ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Осы жоба аясында аймақтағы ауруханалар заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналатын болады. Мұның бәрі елге сапалы медициналық қызмет көрсету үшін атқарылып жатыр.