28 тамызда астанада оппозиция митингісі өтеді деген орында тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының кемінде үш мүшесі ұсталды. Бұл жөнінде оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады, деп жазды Орталық Азия жакалықтар қызметі.
Жексенбі күні полиция қаржы министрлігі ғимараты алдындағы алаңда видео түсіріп тұрған азаматтық белсенді Венера Жаңабаеваны ұстады. Белсенді Динара Мүбәрак алаңға кішкентай баласымен бірге келген. Полицейлер оған тиіспеді.
Алаңға келген белсенді Қайрат Мұсабаевты полиция көліктен шыққан бетте бірден ұстады. Арнайы жасақ өкілдері белсендінің қолын қайырып, автозакқа итеріп отырғызды. Мұсабаев "Шал кет!" деп айқайлады.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, митинг өтеді деген орын қоршалған. Айналаға полиция көліктері қойылған. Оннан астам полицей мен жәй киім киген бірнеше адам жүрген. Азаттық тілшісі бес полиция көлігі мен бір автозакты байқаған.
Бұған дейін тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы барлық партияны тіркеуді, саяси қудалауды доғаруды және Қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде тергеуді талап етіп, митинг өткізетінін жариялаған. Бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімдігі демалыс күндері қалада митинг өтетін орындар бос болмайтынын айтып, белсенділердің митинг өткізу туралы хабарламаларын бірнеше рет мақұлдамаған.
Алматыда "Алға, Қазақстан" митингісі өтеді деген орын – Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда мектеп жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұған дейін қала билігі мұнда да "қоғамдық шара өтетінін" алға тартып, белсенділерге митинг өткізуге рұқсат бермеген.
Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жәрмеңкеге жиналған жұрт көрінбейді. Айналада белгісі жоқ, әйнектері қараңғыланған кемінде үш автобус тұр. Оннан астам полиция айналаны торуылдап жүр. Бірақ белсенділер көрінбейді.
"Власть" сайтының жазуынша, белсенділерді митингіге дейін ұстап кеткен болуы мүмкін. Интернет-басылым партияны құру бастама тобының мүшесі Арман Иманжановтың ұсталғанын хабарлады.
Полиция әзірге түсініктеме бермеді.