Өткен сенбі күні кешке Мәскеу маңында Путиннің жақын серіктесі Александр Дугиннің қызы Дарья Дугина жарылыстан көз жұмды. Шабуылдың мақсаты оның ықпалды әкесі Александр Дугин болуы мүмкін дейді сарапшылар. Оның Украина аумағындағы «Жаңа Ресей» немесе «Новороссия» туралы экспансионистік идеялары президент Владимир Путиннің 2014 жылы Қырымды аннексиялауына әсер еткені айтылады. Дугина ханым мен оның әкесі сенбі күні кешке Мәскеу маңындағы фестивальге қатысып, олар бір көлікпен кетпекші болған, бірақ соңғы сәтте жоспарларын өзгерткен. Дугина ханым көлікпен өзі қайтқан.
Тергеушілер ол тізгіндеген Toyota Land Cruiser көлігінің астына жарылғыш зат қойылғанын айтты. Дугина ханым Ресейдің Украинаға басып кіруін белсенді жақтаған және әкесінің Халықаралық Еуразиялық қозғалыс ұйымының саяси шолушысы болған. Ол кремльшіл БАҚ-қа үнемі хат жазып тұрды және шілдеде Ұлыбританияның санкциясына «Украинаға қатысты жалған ақпарат таратушы» ретінде ілінген. Ресейлік БАҚ ФСБ анықтаған күдіктіні Мәскеу террористік топ деп санайтын Украинаның Азов полкімен байланыстырды. Азов полкі бұл айыптауды үзілді-кесілді жоққа шығарды. ФСБ-ның Дарья Дугинаның өлімі туралы мәліметіне сәйкес, Киевтегі қауіпсіздік қызметіне қатысы бар украиналық әйел шілде айында кішкентай қызымен бірге Ресейге көшіп келген. Әйел Дугина ханыммен бір ғимаратта бір ай бойы пәтер жалдап, шабуылға дайындалып жүрген.
Кейін ФСБ күдіктінің көлігінің Ресейге кіргенін, содан кейін оның Дугина ханымның ғимаратына кіріп, ақыры Ресейден Эстонияға кеткенін көрсететін бейнежазбаны жариялады.
Эстоняның сыртқы істер министрі Урмас Реинсалу сейсенбі күні бұл айыптауды Ресейдің «жалғасып жатқан арандатуы» деп атады. Сондай-ақ, Эстония Сыртқы істер министрлігі эстониялықтарды Ресейге бармауға шақырды.
Ресей мемлекеттік телеарнасы Мәскеудегі Останкино телеорталығындағы еске алу кешінің суреттерін тікелей эфирде көрсетті. Әсіре ұлшыл Александр Дугин қызына «ол Ресей үшін, халық үшін өлді» деп құрмет көрсетті. Ресейлік депутаттар оны «Ресей егемендігіне үлес қосқан жауынгер» деп атады. Депутаттардың бірі Леонид Слуцкий «денацификациялау» - «аяқталғаннан» кейін Киевтегі алаңды Дарьяның құрметіне өзгертуге шақырды.
29 жастағы Дарья Дугина «орыс әлемі» тұжырымдамасын насихаттаған әкесінің идеялық мұрагері. Дугина Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетін түлегі, Дарья Платонова лақап атымен РТ және Царград үшін саясат туралы материалдар жазды. Ол сонымен қатар «Звезда» телеарнасында сарапшы болды. Онда Дугинаны Geopolitika.ru сайтының өзі айтқандай, «Еуразиялық көзқарасты ұстанатын» шағын порталдың саяси бақылаушысы ретінде таныстырды.
Кейбір сарапшылар Дугинаның өлімі Ресейдің соғысқа деген көзқарасын отын ары қарай үрлей түседі деген де пікірлер білдіруде.
Н.Байтұрсын