Сәуір айының 13 жұлдызында Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Əл-Фараби ғылыми кітапханасында «Мағрипа Жылқыбаева - Алтын адамның күміс зереншедегі 26 таңбасының құпиясын ашқан ғалым» деп аталатын дөңгелек үстел-конференция өтті. ЖОО мен ғылыми институттардың профессор-оқытушылары қатысқан алқалы жиында ғалымның «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы» және «Құпия күштер құдіреті» деп аталатын кітаптары туралы баяндамалар жасалды.
Мағрипа Жылқыбаева - кванттық физика арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғандағы Алтын адам мұрасы бойынша прото дәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасаған жаратылыстанушы ғалым. Алтын адамдардың Планеталық деңгейдегі ерекшелігін зерттеу арқылы Сақ қорғандар мен Көк Түрік пирамидаларының құпиясын ашқан қазақтан шыққан тұңғыш оқымысты.
Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазуларын зерттеушілер бұған дейін де болған. Бірақ күміс зереншеге бедерленген 26 таңбаның әлемдік деңгейдегі маңызы зор мұра екендігін ғылыми тұрғыда дәлелдеген ғалым біреу. Ол – Мағрипа Жылқыбаева. Алтын адам таңбаларын 30 жыл зерттеп, құпиясын физика-математикалық әдіспен ашқан әлемдегі тұңғыш физик. Шараны жүргізген қаламгер Болат Шарахымбай осы туралы кеңінен толғады.
Есік қорғанынан табылған Алтын адамның құпиясын ашу үшін ғалым отыз жыл уақытын сарп еткендігін, адамзат баласы үшін аса құнды мәліметтердің бәрін Алтын адамның жанынан шыққан күміс зереншедегі жазудан алғанын, көне жазудың сырын ашуда мұншама көп ғылыми тәсілдерді бір ортаға жұмылдырып зерттеу амалдары оған дейін бір де бір рет тәжірибеден өтпегендігін атап айтты. «Мағрипа Жылқыбаева жазудың құпиясын физикалық-математикалық әдіспен терең зерттеп, оқыған әлемдегі тұңғыш ғалым болатыны сол себептен» деді Болат Жұмынұлы.
Жиында ғалым еңбектерін білім беру үрдісіне енгізу мәселелері де талқыланды. Тарих пәнінің мұғалімі Азиза Оңғарбаева Жамбыл атындағы орта мектебінде ашылған Мағрипа Жылқыбаева атындағы ғылыми музейі аясында жүргізілген танымдық іс-шаралардың жұмысы туралы баяндама жасады. 2020 жылдың 15 қазан күні ашылған музей-кабинетте ғалымның кітаптары, тұтынған жеке заттары қойылған. Жуырда Мағрипа Шөжеғұлқызының дүниеге келген күніне орай 5-10 сынып оқушылары арасында «Алтын адам мұрасын арқалаған ғалым» деп аталатын конференция өткізілді. Сондай-ақ осы мектептің оқушылары Мағрипа Жылқыбаеваның зерттеу еңбектерінің тарихи маңызы» тақырыбы аясында облыстық, республикалық олимпиада, байқауларға қатысуда. Жуырда оқушыларға арнап «Алтын адамның аманатын арқалаған – Мағрипа Шөжеғұлқызы» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылған.
Мағрипа Жылқыбаева – Әлемде тұңғыш рет ежелгі дәуірден жеткен құпия жазу үлгілерін, таңбаларды кеңістік бойынша оқудың əдісін тапқан зерттеуші. Петроглифтерді, көне заман жәдігерлеріндегі шифрлы жазуларды кванттық оптиканың көмегімен оқу əдісі – Мағрипа Жылқыбаеваның əдісі болып табылады. 1989 жылдан өмірінің соңына дейін Алтын адамның күміс зереншесіндегі 26 таңбасын оптика ілімі арқылы зерттеумен айналысқан ғалым еліміздегі және шет елдердегі 1000-нан астам жартас жазуларының, көне каллиграфиялық суреттердің де шифрын ашқан.
Жиында сөз алған «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері Айтқұл Хамит артына мол мұра қалдырған Мағрипа Жылқыбаева еңбектерінің еліміз үшін ерекше екендігін атап өтті. Сондай-ақ профессор Гүлзия Пірәлиева (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты), А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Гүлжиһан Көбденова Алтын адам мұрасына өмірін арнаған ғалым еңбектерінің ғылыми маңыздылығына тоқталды. «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы кезінде Мағрипа Шөжеғұлқызымен кездескенде естіген тарихи-танымдық әңгімелерін еске алып, естеліктерімен бөлісті. Қаламгер Кәдірбек Құныпияұлы ел-жер тарихын тануда ғалым еңбектерін зерделеп оқу қажеттігін айтты. Шара барысында Мағрипа Шөжеғұлқызының ғылыми мұрасына арналған көрме өткізілді.
Алматы қаласы
Қаламқас Бисенғалиқызы