Украина президенті Владимир Зеленский әлем көшбасшыларын Ресейдің Украинаға шабуылдауына байланысты Путинге қарсы коалиция құруға шақырды. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.

Зеленский твиттердің көмегімен АҚШ президенті Джо Байденге, Германия канцлері Олаф Шольцке, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонға және басқа да батыс лидерлеріне үндеу тастап, Путинді тез арада тоқтатуға шақырды.

"Путинді, Украина мен бейбітшілікке қарсы соғысты тез арада тоқтатуға үндеймін. Путинге қарсы коалиция құрамыз. Шұғыл санкциялар қабылдап, Украинаға әскери және қаржылай көмек береміз. Әуе кеңістігін жабамыз. Әлем Ресейді бейбітшілікке мәжбүрлеуі тиіс", – деп жазды Зеленский.

Бұның алдында Джо Байден, Борис Джонсон және НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинадағы әскери операциясының басталуына байланысты мәлімдеме жасаған. Байденнің мәлімдеуінше, Украинаға шабуыл "жауапкершілігін тек қана Ресей көтереді". Борис Джонсон Путиннің "қантөгісті" таңдағанын айтып, Ұлыбритания мен одақтастары әрекетсіз қалмайтынын мәлімдеді. Столтенберг Ресейден "бассыздықты" тез арада тоқтатуын талап етті.

24 ақпанда таңертең Владимир Путин Украина аумағында арнайы әскери операция басталғанын жариялады. Бұл уақытта Украинаның бірнеше қаласында жарылыс болды.

Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның барлық аумағында әскери жағдай енгізді. Ол Ресейдің украин әскери және шекара инфрақұрылымына соққы жасағанын растады.