1 қазан Қытай Халық Республикасының құрылған күні. Қытай үкіметі республика күнін атаумен қатар Тайуанға (Тайвань) әуе күштері арқылы құқай көрсетуді де естен шығармады. Тап сол атаулы күнінде арасында реактивті ұшақтар да бар 38 қытайлық әскери ұшақ Тайуан әуе қорғаныс кеңістігін бұзған.
Қытай әуе күштерінің бұл әрекеті жұрт назарын аударды, себебі бұл жыл басынан бергі ең жоғары масштабтағы әскери қысым көрсету. 38 әскери ұшақтың бір уақытта қорғаныс кеңістігін бұзуы осыған дейін Тайуан әуе күштері тап болған ең ауыр әскери қысым.
Тайуан Ұлттық қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қытай Халық-азаттық армиясының әуе күштері әскери ұшақтарының 25 түрін жіберген. Олардың қатарында J-16 жойғыштарынан 18 дана, СУ-30 жойғыштарынан төртеу, Н-6 типтегі 2 бомбалаушы ұшақ және сүңгуір қайыққа қарсы шабуылдаушы Y-8 типті ұшақтан біреуі бар.
Ресми мәлімдемеде Қытай әуе күштері сол күні екі рет Тайуан кеңістігіне кіргені айтылады. 1 қазанның кешіне қарай он J-16 жойғыш ұшақтарының қорғауында Н-6 типтегі 2 бомбалаушы ұшақ пен бір теңіз барлаушы ұшағы жіберілген.
Тайуан Ұлттық қорғаныс министрлігін өз мәлімдемесінде Қытай ұшақтарына жауап ретінде өздерінің шабуылшы және жойғыш ұшақтарын жіберіп ескерту бергенін айтқан.
Бейжің билігінің Тайуанға қарата әуе күштері арқылы әскери қысым жасауы соңғы екі жылда дерлік үзбей жалғасып келеді. Әр кездегі оқиғаларға қарай Қытайдың әскери қысымы барған сайын артып келе жатқаны байқалады. Бұған дейін америкалық әскери сарапшылар, Қытай Халық-азаттық армиясы бұл әрекеті арқылы Тайуанның әуе қорғаныс күштерінің қарсыласуға деген ерік-жігерін әлсіретуді көздейді деп болжаған.