Алматыда коронавирус пандемиясының төртінші толқыны ақырындап бәсеңдеп келеді. Десе де ағымдағы динамика бойынша республикадағы «ең аурушаң өңір» ретінде бірінші қатардан түсер емес. Тап қазір қаланың 7 мыңға жуық тұрғыны емделіп жатыр. Қазір резервтегі төсек-орындарды қоса есептегенде стационарларда шамамен 40% орын толған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 26 қыркүйекте тіркелген 485 адамның 432-сі симптом белгілерімен, тағы 53 адам симптомсыз тіркелген. Жексенбі күні 121 адам ауруханаға жатқызылған.
Жалпы қалада сыйымдылығы 5230 орын болатын инфекциялық стационарларда 2098 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 82 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 202 науқас жатыр. 39 адам ӨЖЖ, 82 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 55 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 4864 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.
Сенбіде жиыны 12 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған.
Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 943 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 842 мыңы толық дозасын алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 149 егу пункті мен 214 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді.
Эпидкартада бірнеше айдан бері «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласында пандемия басталғалы 173 мыңнан аса адам ауырған, оның 50 мыңға жуығы тамызда анықталған. Қазір республикада анықталған күнделікті есептің кемінде 20-25%-ы Алматы қаласына тиесілі болып отыр.