Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қыркүйекте Алматыдағы атыс кезінде қаза болған екі полицей мен сот орындаушысын марапаттады. Мемлекет басшысының арнайы жарлығы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

Тоқаев жарлығына сәйкес, Алатау аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторлары Нұрбол Байғазиев пен Дархан Сүлеев – 2-дәрежелі "Айбын" орденімен, жеке сот орындаушылары республикалық палатасының мүшесі Мұрат Әбенов "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.

Бір апта бұрын Алматы қаласы Алатау ауданы Ақбұлақ ықшамауданының тұрғыны Игорь Дужнов үйден шығару туралы сот шешімін орындатуға келген сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторлары мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне оқ атқан. Атыстан бес адам - екі полиция қызметкері, бір сот орындаушы және үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза болған. Оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" және "Билік өкіліне күш қолдану" бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.

The Qazaq Times