Алматыда коронавирус пандемиясының төртінші толқыны ақырындап бәсеңдеп келеді. Десе де ағымдағы динамика бойынша республикадағы «ең аурушаң шаһар» ретінде бірінші қатардан түсер емес. Тап қазір қаланың 7,4 мың тұрғыны емделіп жатыр. Қазір резервтегі төсек-орындарды қоса есептегенде стационарларда шамамен 44% орын толған. 

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 21 қыркүйекте тіркелген 498 адамның 470-ы симптом белгілерімен, тағы 28 адам симптомсыз тіркелген. Сейсенбі күні 222 адам ауруханаға жатқызылған.

Жалпы қалада сыйымдылығы 5230 орын болатын инфекциялық стационарларда 2337 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 111 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 229 науқас жатыр. 43 адам ӨЖЖ, 103 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 68 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 5078 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.

Дүйсенбіде жиыны 17 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған.

Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 933 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 827 мыңы толық дозасын алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 160 егу пункті мен 237 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді.

Эпидкартада бірнеше айдан бері «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласында пандемия басталғалы 171 мыңнан аса адам ауырған, оның 50 мыңға жуығы тамызда анықталған. Қазір республикада анықталған күнделікті есептің кемінде 20%-ы Алматы қаласына тиесілі болып отыр.

The Qazaq Times