АҚШ әскерлері Ауғанстаннан толық шығуына небары бірер апта қалды. Тәліптер болса барған сайын ықпал аумағын кеңейтіп келеді. Елде зорлық-зомбылық күшейіп кетті. Осы тұста АҚШ президенті Жо Байден Ауғанстаннан әскер шығарғанына өкінбейтінін мәлімдеді.

Президент Байден Ақ үйде журналистер алдында сөйлеген сөзінде Құрама Штаттардың Ауғанстан алдындағы борышын өтеп болғанын білдірді. Байден сөз арасында әуеден қолдау көрсету, әскери қызметкерлерге жалақы төлеу, әскери жабдықтар және азық түлікпен қамсыздау, ауғанстандық әскерлерге қолдау көрсету секілді көптеген жұмыстардың атқарылғанын атап өткен. «Бірақ ендігі жерде олардың өздері үшін өзі соғысуына тура келеді», – дейді АҚШ президенті.

Байден солай дегенмен, Ауғанстандағы жағдайдың мәз емес екені белгілі. Қазірге дейін тараған мәліметтер бойынша «Талибан» елдегі 34 провинцияның 9-ын  өздеріне қаратты. «Уашингтон Пост» басылымы осыдан бір күн бұрын аты аталмаған жоғары шенеуніктің берген мәліметіне сілтеме жасап, АҚШ әскері шегінгеннен кейін «Талибан» ұйымы орталық қала Кабулды 90 күн ішінде басып алуы мүмкін екенін жазды.

Өткен бір айда тәліптер мен үкімет күштері арасындағы қақтығыстан қаза тапқан бейбіт тұрғындардың мыңнан асқанын БҰҰ мәлімдеді.

Бүгінгі таңда Ауғанстан үкімет күштері тәліптердің қоршауында тұр. Себебі, «Талибан» күштері елдің шекара аумақтарын түгелге жуық өзіне қаратты. Шекара аттап шығып жатқан босқындар тоқтап тұр. Пәкістан, Иран, Түркіменстан, Өзбекстан және Тәжікстанмен шекаралас аймақтарда үкімет бақылауындағы санаулы ғана шекара бекеттері қалды.

“The Qazaq Times”