Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны шамамен 8 мыңға артып, жалпы есебі 664 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) қайтыс болған. Айдың ортасына қарай тәуліктік көрсеткіші 5 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқынында қазір кемінде 7 мың жағдай тіркеліп жатыр. Осы дүйсенбіде рекордтық мәнде 149 адам көз жұмған.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 3 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 7519 адам, ал 2-сі күні  коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 471 адам тіркелді. Қазір елде 107 мың адам (КВИ+ бойынша 104 мың, КВИ- бойынша 3 мыңнан аса) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей мыңнан жоғары динамикада тұрған Алматы (1558) және астана (1351) қалаларынан. Бұдан өзге Қарағанды (895), Шымкент (502), Атырау (381),  Ақтөбе (365), Алматы (315), ШҚО (302), Павлодар (307), Қостанай (270), Ақмола (257),  Маңғыстау (223), Қызылорда (198), Жамбыл (181),   БҚО (163), СҚО (141), Түркістан (110), облыстарында дерт үдеп тұр. Осы сейсенбіде аурудан айыққан 3554 адам үйіне шығарылған. Дүйсенбіде жиыны 124 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы Тамыздың 2-сі ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 471 науқас есепке алынды. Сонымен қоса, 110 адам айығып шыққан, тағы 25 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 107 мың науқастың 29 мыңы ауруханада, 77 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1786 науқастың жағдайы нашар, ондағы 412 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 209 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада Қазақстанда бүгін «жасыл аймаққа» өткен Түркістан облысынан басқа барлық өңірі «қызыл аймақта» тұр.

ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 603 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 62 мыңға жақындады. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 664 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 12,5 мыңға тарта адам (КВИ+ / U07.1 – 6277, КВИ- / U07.2 – 3781, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 41-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 4 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 5,5 млн шамасында.

"The Qazaq Times"