Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны 7,5 мыңға артып, жалпы есебі 656 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) өмірден өткен. Айдың ортасына қарай тәуліктік көрсеткіші 5 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқынында қазір кемінде 7 мың жағдай тіркеліп жатыр. Жексенбіде рекордтық мәнде 126 адам қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 2 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 7481 адам, ал 1-і күні  коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 46 адам тіркелді. Қазір елде 103 мыңға тарта адам (КВИ+ бойынша 100 мың, КВИ- бойынша 2,6 мыңнан аса) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей мыңнан жоғары динамикада тұрған Алматы (1531) және астана (1270) қалаларынан. Бұдан өзге Қарағанды (941), Шымкент (575), Атырау (406),  Ақтөбе (356), Алматы (311), ШҚО (308), Павлодар (292), Қостанай (261), Қызылорда (210), Ақмола (259), Жамбыл (196),  Маңғыстау (181), СҚО (147), Түркістан (122), Батыс Қазақстан (115) облыстарында дерт үдеп тұр. Осы дүйсенбіде аурудан айыққан 6177 адам үйіне шығарылған. Жексенбіде жиыны 110 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы Тамыздың 1-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 87 науқас есепке алынды. Сонымен қоса, 106 адам айығып шыққан, тағы 16 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 103 мың науқастың 29 мыңы ауруханада, 73 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1707 науқастың жағдайы нашар, ондағы 395 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 197 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада Қазақстанда бүгін сары аймаққа өткен Түркістан облысынан басқа барлық өңірі «қызыл аймақта» тұр.

ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 595 мыңға жуықтаса, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 61 мыңнан асты. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 656 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 12,2 мыңнан аса адам (КВИ+ / U07.1 – 6153, КВИ- / U07.2 – 3756, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 41-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 3,9 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 5,4 млн шамасында.

"The Qazaq Times"