Он күнге жуық 5 мыңнан тіркелген науқастардың күнделікті есебі 22 шілдеде 6,3 мыңға көбейді. Шығыс Қазақстан облысынан өзге барлық өңірде жүзден аса, тіпті мыңнан артық адамнан коронавирус анықталған. Қазір 71 мыңнан астам сырқат емделіп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 22 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 6119 адам, ал 21-і коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 233 адам тіркелді. Қазір елде 71 мың адам (КВИ+ бойынша 69 мың, КВИ- бойынша 1785) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей астана (1381), Алматы қаласы (996) және Қарағанды облысында (794) тіркелді. Бұдан өзге Атырау (489), Шымкент (488), БҚО (235), Ақтөбе мен Алматы өңірлері (әрқайсында 230-дан), Маңғыстау (205), Павлодар (203), Ақмола (189), Қостанай (156), Қызылорда (129), СҚО (110), Жамбыл (105), Түркістан (101) облыстарында дерт үдеп тұр. Өткен тәулікте 2427 адам айығып үйіне шығарылған. Сәрсенбіде жиыны 64 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы 21 шілдеде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 34 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сырқаттар астана (42), Жамбыл (33), Атырау (29), Шымкент пен Маңғыстау (әрқайсы 26-дан) көптеп анықталған. Сонымен қоса, 105 адам айығып шыққан, тағы 10 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 71 мыңнан аса науқастың 21 мыңы ауруханада, 50 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1258 науқастың жағдайы нашар, ондағы 274 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 166 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Вирустың таралу қатері жағынан республиканың барлық өңірі сарғайып-қызара түсті. «Қызыл аймаққа» енген өңірлер: астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, СҚО, Павлодар, Жамбыл облыстары. Ал өзге ШҚО және Түркістан өңірлері «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.
ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 516 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 59 мыңға жетті. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 575 мыңнан асты. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 11 196 адам (КВИ+ / U07.1 – 5244, КВИ- / U07.2 – 3585, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 42-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 3 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.