Дат карикатурашысы Курт Вестергор 87 жасында қайтыс болды. Оның Мұхаммед пайғамбарды бейнелеген суреті мұсылман әлемінің наразылығын туғызған. Марқұмның туыстарының хабарлауынша, суретші созылмалы аурудан қайтыс болған. Бұл туралы "Берлингске" дат басылымына сілтеме жасаған Азаттық радиосы хабарлады.

1980-жылдардың басында Курт Вестергор консервативтік бағыттағы "Юлландс-постен" газетінде істеген. Дәл осы басылымда 2005 жылы Мұхаммед пайғамдардың 12 карикатурасы жарияланды. Суреттер мұсылман әлемінің наразылығын туғызды. Мұсылмандар пайғамбардың суретін салуға болмайды деп есептейді.

Діндарлар әлем елдеріндегі дат елшіліктеріне шабуылдады. 2006 жылғы ақпанда осындай бір шабуыл салдарынан ондаған адам қаза тапты. Данияның өзінде де наразылық акциялары өтті.

2015 жылғы қаңтарда Париждегі Charlie Hebdo апталығының редакциясына жасалған шабуыл кезінде 12 адам қаза тапты. Апталық "Юлландс-постен" басылымда жарияланған карикатураларды көшіріп басқан.

Курт Вестергорға да бірнеше мәрте қастандық ұйымдастырылған. Суретші өмірінің соңғы жылдарын күзетпен, құпия орында өткізді.

"The Qazaq Times"