2212 қазақстандық COVID екпесін салдырғаннан кейін коронавирусқа шалдыққан. Бқл жөнінде 8 шілде күні ОртКомда өткен брифингте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.
Есмағамбетованың дерегінше, оның 1308-і екпенің 1-дозасын салдырғаннан кейін, тағы 904-і екпені толық алған алған соң ауырған.
Жалпыхалықтық вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда қазір төрт түрлі екпе салып жатыр. Олар: ресейлік «Спутник V», отандық QazVac, Hayat-Vax және CoronaVac екпелері. Соңғы екеуін қытай компаниялары әзірлеген, қазіргі таңда таусылуға жақын. ДДСҰ оларды төтенше жағдай үшін мақұлдаған.
Айжан Есмағамбетованың айтуынша, жалпы екпе алғаннан кейін науқастанып қалған 0,05% адамның саны мынадай:
- 2024-і ресейлік вакцинаны (1-дозадан кейін 1190, 2-дозадан кейін 834),
- 40-ы QazVac-ты (21/19),
- 140-ы Hayat-Vax-ты (89/51),
- алтауы CoronaVac-ты (барлығы 1-дозадан кейін шалдыққан) алған.
Шенеуніктің бұл сандарын қосқанда, 2210 шығады. Бұл шенеуніктің өзі айтқан саннан екі адамға кем.
Бейсенбі таңындағы ресми дерекке қарағанда, 19 миллионға жуық халқы бар Қазақстанда 2 миллион 283 мың 761 адам екпені толық салдырған.
Маусымның соңында елде қазір әлемге тез тарап жатқан «үндістандық дельта» штамы тіркеліп, аурушаңдық қайта өршіп барады. 1 шілдеден бастап елде қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндерге вакцина салдыру міндеттелді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері жұртты ынталандыру мақсатында түрлі бағалы ұтыс ойындарын ұйымдастырып жатыр. Дегенмен жұмыс орнынан түрлі сарында қысым-ескерту көрген азаматтар жалған екпе паспортын жасатуға мәжбүр. Алғашында ерікті делінген екпен Үкімет жоспары жүріспей-баяулаған соң міндеттеу шараларын қолға алды.
8 шілдедегі эпидахуал бойынша, Қазақстанда пандемия басталғалы дертке шалдыққаны ресми расталған науқастар саны 502 мыңнан асты. Олар: коронавирус 445 мың, осы тектес пневмония 57 мың адамға жұққан. Сонымен қоса, жалпы вирус жұққандардан 10 387 адам (КВИ+ / U07.1 – 4544, КВИ- / U07.2 – 3476, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Қазақстан сырқаттар саны бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 44-орында тұр.