Шілде айының басында індет қарқыны күшейіп келеді. Бір тәулікте 2,6 мыңнан аса сырқат анықталып, 27 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 1 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 2590 адам, ал 30 маусымда коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 76 адам тіркелді. Қазір елде 27 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 25 938, КВИ- бойынша 1323) ауырып жатыр.
#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей астана (764), Қарағанды облысы (468) және Алматы қаласында (353) тіркелді. Бұдан өзге БҚО (143), Маңғыстау (107), Атырау (103) облыстарында және Шымкентте (103) дерт үдеп барады. Өткен тәулікте 1430 адам айығып шығып, үйіне жіберілген. Осы сәрсенбіде жиыны 24 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы 30 маусымда ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 76 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, олар астана (14), Ақмола (9), Атырау (8) облыстарында анықталған. Сонымен қоса, 70 адам айығып шыққан, тағы 3 адам көз жұмған.
ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 27 261 науқастың 8 мыңы ауруханада, 19 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 517 науқастың жағдайы нашар, ондағы 118 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 72 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, БҚО, Қарағанды облыстары «қызыл аймаққа» енді. Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар өңірлері «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.
Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 428 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 57 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 485 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 9,7 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 4399, КВИ- / U07.2 – 3452, ілеспе аурулардан – 1962) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 45-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 2 млн 86 мыңдай адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.