Беларусь Еуроодақтың «Шығыс серіктестігі» келісімінен шықты. Бүған одақ құрамындағы елдердің Минскке санкция салуы себеп.
Ресми Минск ЕО-ның елдегі өкілін шақырып, бірқатар жобалардан бас тартатынын ескерткен.
Еуропалық одақ Беларуське қарсы экономикалық санкцияларды 24 маусымда енгізді. Санкциялар, ең алдымен, мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салуды қамтиды. Темекі өнеркәсібіне арналған ингредиенттерді, Интернетті басқаруға арналған технологиялар мен бағдарламалық жасақтаманы жеткізуге тыйым салынады. Еуропалық инвесторларға үш айдан астам мерзімге Беларусьтің мемлекеттік құрылымдарына, компанияларына және мемлекет қатысатын банктерге несие беруге тыйым салынады.
22 маусымда Беларусьте 78 адам мен сегіз мекеме Еуропалық одақтың экономикалық санкциясына ілікті. Қара тізімге енгендер қатарында депутаттар, прокурорлар, судьялар және Лукашенконың ұлы Дмитрий мен келіні Лилия бар.
Санкциялық тізімге енгендердің есепшоттары бұғатталып, виза берілмейді. Еуропа одағы санкцияны өткен айда Беларусь режимінің Ryanair ұшағын мәжбүрлеп Минскіге қондырып, оппозициялық журналист Роман Протасевичті ұстағанына жауап ретінде салды.
Негізінен Еуропалық одақ санкцияларының бұл блогы ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. 23 мамырда Ryanair әуе компаниясының Грекиядан Литваға бара жатқан FR497 рейсі кенеттен бағытын өзгертіп, Минскіге қонуға мәжбүр болған. Осы жағдайдан кейін Еуроодақ пен АҚШ санкция енгізді. Беларусь билігі арнайы әскери ұшақ жіберіп, рейсте бомба болуы мүмкін деп Ryanair ұшағын Минскіге бұрған. Борттан бомба табылмады, есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық журналист, NEXTA Live Telegram арнасының негізін қалаушылардың бірі, журналист Роман Протасевичті тұтқындады. Ұшақты бұруға Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенконың өзі бұйрық берген.