Беларусьте 78 адам мен сегіз мекеме Еуропалық одақтың экономикалық санкциясына ілікті. Қара тізімге енгендер қатарында депутаттар, прокурорлар, судьялар және Лукашенконың ұлы Дмитрий мен келіні Лилия бар.

Енді санкцияға ілінгендердің есепшоттары бұғатталып, виза берілмейді. Еуропа одағы санкцияны өткен айда Беларусь режимінің Ryanair ұшағын мәжбүрлеп Минскіге қондырып, оппозициялық журналист Роман Протасевичті ұстағанына жауап ретінде салды.

Негізінен Еуропалық одақ санкцияларының бұл блогы ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. 23 мамырда Ryanair әуе компаниясының Грекиядан Литваға бара жатқан FR497 рейсі кенеттен бағытын өзгертіп, Минскіге қонуға мәжбүр болған. Осы жағдайдан кейін Еуроодақ пен АҚШ санкция енгізді. Беларусь билігі арнайы әскери ұшақ жіберіп, рейсте бомба болуы мүмкін деп Ryanair ұшағын Минскіге бұрған. Борттан бомба табылмады, есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық журналист, NEXTA Live Telegram арнасының негізін қалаушылардың бірі, журналист Роман Протасевичті тұтқындады. Ұшақты бұруға Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенконың өзі бұйрық берген.

Бұл оқиға халықаралық дәрежеде дау туғызды. Батыс елдері Беларусь билігінің әрекетін айыптап, журналисті босатуды талап етті. Сонымен қатар Латвия ұшақтарын Беларусь үстімен ұшырмайтынын мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский де үкіметке Беларусьпен әуе рейстерін тоқтатуды және бұл елдің төбесімен ұшақ ұшыруға тыйым салуды тапсырды.

"The Qazaq Times"