Көктем туғалы Қазақстанда 120 мыңдай сырқат тіркеліп үлгерді. Республиканың үшінші толқында қызыл аймаққа өткеніне айдан асты. Күнделікті анықталып жатқан науқастар саны екі мыңнан, ал өлім жағдайы 20-дан азаяр емес. Бұл пандемия кезіндегі ең ауыр көрсеткіш. 

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 1 мамырда коронавирус (КВИ+) жұққан 2076 адам, ал 2-сі күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 10 адам тіркелді. Қазір елде 45 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 44 601, КВИ- бойынша 411) ауырып жатыр.

#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей Алматы қаласы (658) мен астанада (250) тіркелді. Бұдан өзге  Қарағанды (240), Алматы (180), Ақмола (137), Павлодар (125), ШҚО (73), Қызылорда (73) облыстары және Шымкентте (65) дерт дендеп тұр. Өткен тәулікте аурудан айыққан 1366 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге жексенбіде жиыны 29 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы 2 мамырда ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 105 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, Атырау, ШҚО, Қызылорда, Қарағанды (әрқайсында екі-екіден) облыстарында тіркелген. Сонымен қоса, 50 адам айығып шыққан, тағы 3 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 42 012 науқастың 15,5 мыңы ауруханада, 29,5 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 770 науқастың жағдайы қиын, ондағы 192 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 130 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Атырау, Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан СҚО, Қостанай мен Түркістан облысы «жасыл аймақта». Алматы, ШҚО, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау  облыстары «сары», ал Ақмола, Жамбыл, БҚО, Павлодар, Қызылорда,  Қарағанды облыстары, Шымкент, Алматы қаласы мен астана «қызыл аймақта» тұр.

Үкімет мәліметінше, көктем басында геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталған.

Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне кемінде 2,5 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Сәуір айындағы аурушаңдық наурызға қарағанда 2 есеге артты. Жалпы осы көктемде әзірге 120 мың (КВИ+ 116 мың, КВИ- 3,7 мың) науқас анықталды. Сондай-ақ, өткен бірер айда ресми расталған өлімнің үштен бірі, яғни 1540 адам (КВИ+ 1290, КВИ- 250) өмірден қайтты.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 330 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 53 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 383 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 6193-і (КВИ+ / U07.1 – 3762, КВИ- / U07.2 – 812, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік 2020 жылы КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (былтырғы қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Мамандар осы кейстерді объективті түрде зерделегенде шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп болар еді деп есептейді. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 47-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 1 млн 422 мың адам коронавирусқа қарсы ресейлік Sputnik V және отандық QazVac вакцинасының алғашқы дозасын алған.

"The Qazaq Times"