Жексенбі күні 73 жасқа қараған шағында көрнекті театр-кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева дүниеден озды. Ауыр қаралы хабарды жұртқа театр режиссері Асқар Маемиров мен белгілі актер Азамат Сатыбалды әлеуметтік желілерде естіртті.
Елдің жүрегінде бейнесі жатталған Әбдінәбиева 1948 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тартоғай ауылында дүниеге келді. Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Өнер институтын (бұрынғы Алматы консерваториясы) «Актерлік шеберлік» фаультетін бітіріп, өнер жолын Республикалық Балалар мен Жасөспірімдер театрында (қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық театр) бастады. 1969-1993 жылдары осы театрда аянбай еңбек етеді. Шеберлік ұштап, жақсы тәжірибе жинақтаған, көрермен қауымға танылған актриса 1993 жылы Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына ауысып, өмірінің соңына дейін қара шаңырақ сахнада өнер көрсетті. Ол сомдаған рольдердің қай-қайсысы да шынайылығымен, өміршеңдігімен қымбат болатын. Драма, комедия, трагедияның қай-қайсысында да шеберлік шыңынан көріне білген актриса көрерменін шынайы ойынымен тәнті етті.
Ұлттық актерлік өнердің аға буын хас шеберлері С.Майқанова, Б. Римовалардың дәстүрін, ізін жалғастырған актриса Әбдінәбиеваның шығармашылық өмірбаянында Аналар бейнесі ерекше орын алды. Ол М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Мөржан бәйбішеден бастап Аналар бейнесінің тұтас бір галереясын жасады. Атап айтқанда, М. Мақатаевтың «Қош, махаббатында» Әже, «Абай десем…» қойылымында Ана, Ш. Құсайыновтың «Үкілі Ыбырайында» Ана, Қ. Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Айша апай, Д.Исабековтің «Мұрагерлерінде» Салиха, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Баронесса; шетел классикасынан Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» Сүт-ана, «Гамлетінде» Гертруда (реж. Ю. Ханинго-Бекназар), Н .Гогольдің «Ревизорында» Анна Андреевна, Чеховтың «Шағаласында» Аркадина сияқты болмыстары мен мінез-пиғылдары сан түрлі бейнелерді сомдады. Жан еңбегі, рухани сергек ізденістері актриса орындаған эпизодтық кейіпкерлердің өзін тұтас бір өмірбаян иесіне айналдырып, жан дүниесін ашатын.
Актриса Ғ.Әбдінәбиеваның қазақ киносына да еңбегі сіңді. Ол «Нан» фильмінде – Жамал, «Қауында» бас кейіпкердің зайыбы, «Қызжылағанда» Әсия, «Біржан салда» Бүрме әже «Айналайында» Сәлима, «Кемпірде» Күлпәш, т.б. көркем фильмдерге түсті. Актриса телесериалдарда да бірталай рольде көрінді. Оны қалың жұртшылыққа сүйікті еткен алғашқы ролі - еліміздің тұңғыш телесериалы «Тоғысқан тағдырлардағы» комедиялық Роза апай ролі болды. Осы сериалдан кейін «Қара шегіртке», «Сүйе білсең», «Детектив әже», т.б.сериалдарда сәтті рольдер орындады. Және республикалық телеарналарда балаларға арналған көптеген телебағдарламалар жүргізіп, балалардың үлкен досына айналды деп еске алады әріптестері.
Редакция ұжымы марқұмның отбасына, әріптестеріне, қалың көрерменіне қабырғасы қайыса қайғырып, көңіл айтады.