Көктем туғалы бір жарым айда Қазақстанда 70 мыңнан аса сырқат тіркеліп үлгерді. Күнделікті анықталып жатқан науқастар саны екі мыңнан, ал өлім жағдайы 20-дан азаяр емес. Бұл пандемия кезіндегі ең ауыр көрсеткіш.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 15 сәуір коронавирус жұққан 2656 адам, ал 14-і күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 71 адам тіркелді. Қазір елде 37 мыңға тарта адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 36 393, U07.2 немесе КВИ- бойынша 475) ауырып жатыр.
#U07.1 ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың жартысына жуығы Алматы қаласы (673) мен астанада (601) тіркелді. Одан кейінгі қатарда ең көбі – Алматы облысы (232), Қарағанды (201), Ақтөбе (120), Шымкент (119), Атырау (117), БҚО (112) өңірлерінде. Өткен тәулікте аурудан айыққан 2177 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге сәрсенбі жиыны 27 адам қайтыс болған.
#U07.2 14 сәуір ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 85 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, Жамбыл (13), Алматы (12) облысы мен қаласы (8), Шымкент (7), ШҚО мен Ақтөбе (әрқайсы бес-бестен) облыстарында көптеп тіркелген. Сонымен қоса, 90 адам айығып шыққан, өкініштісі бір адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 36 868 науқастың 13 мыңы ауруханада, 24 мыңға жуығы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 616 науқастың жағдайы қиын, ондағы 168 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 118 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан Қостанай мен Түркістан облыстары «жасыл аймақта». ШҚО, Қызылорда және Павлодар, Маңғыстау, Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары «сары», ал Атырау, БҚО, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстары, Алматы, Шымкент қалалары мен астана «қызыл аймақта» тұр.
Үкімет мүшелерінің мәліметінше, геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталған.
Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне 2 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Сәуір айының алғашқы жартысында табылған кейстер саны – 35 мыңдай сырқат және 309 өлім жағдайы. Бұл тұтас наурыз айының есебімен шамалас. Жалпы көктем туғалы 70 мыңнан аса (КВИ+ 65 мың, КВИ- 2 мың) науқас анықталды, 675 адам (КВИ+ 561, КВИ- 114) өмірден қайтты.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 281 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 51 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 333 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 5,7 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 3333, КВИ- / U07.2 – 742, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік 2020 жылы КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (былтырғы қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Мамандар осы кейстерді объективті түрде зерделегенде шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп болар еді деп есептейді. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 576 мың адам коронавирусқа қарсы ресейлік «Sputnik V» вакцинасының алғашқы дозасын алған.