Алматы қаласының әкімдігі мен мәслихаты «Жас қанат» ықшам ауданындағы саябаққа «Желтоқсан-86» атауын беру туралы шешім қабылдады.
Республикалық ономастика комиссиясы 7 сәуірде осындай қорытынды шығарған. Сағынтаев қол қойған қаулыға сәйкес саябақ ресми тіркеуге алынбақ. «Ашық НҚА» сайтында жарияланған қаулы 29 сәуірге дейін қоғам талқысында болады. Атаудың кім ұсынғаны және қалай таңдалғаны туралы мәлімет берілмеген. Саяси мәні бар атау берілген екі бірдей саябақ іргелес тұр.
Әкімдік өкілі Индира Андирова «Желтоқсан» саябағының былтыр 54 га аумағы жөндеуден өткенін, биыл 24 га көлемді алып жатқан Маяк орманын абаттандыру жұмысы жасалатынын хабарлады. Осы орманға «Желтоқсан-86» атауы беріледі. Қала билігі алдағы уақытта екі саябақты біріктірмек.
Рекреация аймағына кіретін саябақ Түрксіб ауданында орналасқан. Бұған дейін 2020 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Маяк орманына іргелес жерде «Желтоқсан» саябағы ашылған. Әкімдік 100 гектар аумақтың 23 мың шаршы метр ауданын көгалдандыруға уәде берген. Ресми дерек бойынша, мұнда 125 орындық және 130 қоқыс жәшігі орнатылған. Жаяу жүргіншілер жолы 1200 м. Сондай-ақ, саябақта 8 балалар және 7 спорт (workout, шағын футбол және стритбол) алаңдары бар. Бір саябаққа бюджеттен кемінде 600 млн теңге жұмсалған.