Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 8 сәуір коронавирус жұққан 2440 адам, ал 7-сі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 104 адам тіркелді. Қазір елде 30 мыңнан аса адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 29 429, U07.2 немесе КВИ- бойынша 790) ауырып жатыр.
#U07.1 ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың жартысы рекордтық мөлшерде Алматы қаласы (717) мен астанада (446) тіркелді. Одан кейінгі қатарда ең көбі – Алматы облысы (254), Қарағанды (169), Атырау (149), БҚО (110), Ақтөбе (116), Ақмола (101) облыстары және Шымкентте (72). Өткен тәулікте аурудан айыққан 1786 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге сәрсенбі жиыны 19 адам қайтыс болған.
#U07.2 7 сәуір ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 104 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, Алматы облысы (44) мен қаласы (10), Атырау (7), Ақмола, Ақтөбе және Жамбыл (әрқайсы алты-алтыдан), Қостанай (5) өңірлерінде көптеп тіркелген. Сонымен қоса, 172 адам айығып шыққан, өкініштісі 3 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 30 219 науқастың 11 мыңы ауруханада, 19 мыңға жуығы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 517 науқастың жағдайы қиын, ондағы 163 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 87 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан Шымкент қаласы, Қызылорда және Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары «сары», ал Атырау, БҚО, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстары, Алматы қаласы мен астана «қызыл аймақта» тұр.
Үкімет мүшелерінің мәліметінше, геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталған.
Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне 2 мыңға жуық сырқат және 15 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Сәуір айының алғашқы сегіз күнінде табылған кейстер саны – 17,5 мың сырқат және 145 өлім жағдайы. Жалпы көктем туғалы 52 мыңнан аса (КВИ+ 50,5 мың, КВИ- 1,8 мың) науқас анықталды, 511 адам (КВИ+ 418, КВИ- 93) өмірден қайтты.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 264 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 51 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 315 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 5,5 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 3190, КВИ- / U07.2 – 721, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік 2020 жылы КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (былтырғы қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Мамандар осы кейстерді объективті түрде зерделегенде шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп болар еді деп есептейді. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 254 мың адам коронавирусқа қарсы ресейлік «Sputnik V» вакцинасының алғашқы дозасын алған.