Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі дерегіне сәйкес, 585 адамнан коронавирус анықталған. Оның 490-ында симптомдық белгілері бар, 95-і симптомсыз.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми мәліметінше, өткен тәулікте 353 адам ауруханаға жатқызылған және 491 адам үйіне жіберілген. Наурыз айының ортасында бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатынын ескерткен.

Жалпы қалада дайындалған 5,6 мың орынның 3114-інде сырқат емделуде. Ондағы 2,4 мың адамның жағдайы нашар, 570-і ауыр және 77 науқас тым ауыр хәлде. Сондай-ақ, 87 бала жеңіл және орташа күйде стационарда жатыр. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдеріндегі 272 орынның 178-інде науқастар жатыр. 14 адам ӨЖЖ, 69 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 64 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр.

Бұдан өзге сыйымдылығы 815 орын болатын 7 қонақ үй карантин мекемесі ретінде жұмыс істейді.

Осы күнге дейін қалада 44 мыңға тарта тұрғын вакцинаның алғашқы және 7 мыңдайы екінші дозасын салдырған.

Алматыда бір жылда сырқаттар қатары 43 мыңнан асқан. Мұның 29%-ы, яғни 12,6 мың адам осы көктемде тіркелген. Өкінішке қарай, осы аралқта 152 алматылық көз жұмған.

БАӘ, Мысыр, Мальдив, Испания, Түркия, Грузия, Беларусь, Шри-Ланка, Сауд Арабиясы, ҚХР, Оңтүстік Корея, Германия, Украина, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан тәрізді елдерден Алматы қаласына 1 наурыздан бері жүздеген халықаралық әуе рейсі келді. Көктем туғалы Алатау баурайына 562 рейспен 81 292 жолаушы ұшып келген: 76 786 адам ПТР қорытындысымен, 4506 адам ПТР анықтамасынсыз. Осының салдарынан жұғу және өлімге соқтыру қатері жоғары британдық және оңтүстікафрикалық штамдар тіркеліп, өзге өңірлерге таралған.

Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне 2 мыңға жуық сырқат және 15 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Көктем туғалы 45 мыңға тарта (КВИ+ 43 мың, КВИ- 1,5 мың) науқас анықталды, 438 адам (КВИ+ 357, КВИ- 81) өмірден қайтты.Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин кейінгі бес аптада 10 қаулы шығарды. Себебі қабылданған ереже мен қатаңдатылған локдаун шарасы күткендей нәтиже бермеді. Мұны дүйсенбі күнгі брифингте Бекшин демалыс күндері қоғамдық көлікті тоқтату және сауда қатарларының жұмысын шектеу сияқты шешім «тиімсіз болмағанын», яғни бұдан індет ахуалы жақсармағанын мойындады. Ол үш аптадан аса уақыт «қызыл аймақта» тұрған қалада тіркеліп жатқан науқастар вирусты «көбіне жаяу жүргіншілердің жолдары мен саябақта» жұқтырғанын айтады.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 257 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 51 мыңға жуықтаған. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 307,5 мыңға жақындаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Сондай-ақ пандемия кезінде жалпы вирус жұққандардың 5457-сі (КВИ+ / U07.1 – 3129, КВИ- / U07.2 – 709, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді.

"The Qazaq Times"