Үкіметтің локдаун кезінде қаржылай қолдау көрсете алмасына көзі жеткен қала басшылығы қатаңдатылған карантин шектеуін айтарлықтай жеңілдетті. Ashyq пилоттық жобасына қатысатын фитнес орталықтар мен бассейн-сауналардың қызметіне рұқсат етілді.

Қаланың бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин қол қойған жаңа қаулыда жұмыс күндері сауда үйлері мен сауда, ойын-сауық орталықтарының қызметін таңғы 10.00 мен түнгі 22.00 аралығында жүргізуге мүмкіндік берілген. Дегенмен сенбі-жексенбі күндері жұмыс істемейді.

Қала «қызыл аймаққа» енгелі (10 наурыздан бері – QT) алтыншы мәрте өзгерген қаулыда студенттер мен оқушылар қашықтан білім алады делінген. Тек оқушы саны 300-ден аспайтын мектептердің 15 балаға дейінгі жинақталған сыныптары дәстүрлі форматта оқиды. Ал басқа білім ошақтарында ата-аналардың өтініші бойынша 1-5 (халықаралық мектептерде 1-7 аралығындағы) және 9 бен 11 (12) сыныптарда оқу процесі 15 оқушыға дейінгі кезекші топтарда офлайн жүреді. Алайда білім беру ұйымдарының ешбірінде асхана жұмыс істемейді. Тағы бір маңызды жайт, алуан бағытта оқытатын үйірме-курстар әр топта 10 кісіге дейін сабақ өте алады. Бірақ бөлмеде бір адамға 4 шаршы метрден орын қарастырылуы қажет. Және бала-бақшада да санитарлық талаптарды сақтай отырып әр топқа 15 балаға дейін қабылданады.

Адамдар автобустардан өзге кез келген қоғамдық орында, тіпті елге ортақ ашық жерлерде де (алаңқайда спортпен шұғылданып жатқан уақыттан пен 5 жасқа дейінгі балалардан тыс жағдайда – QT) бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтық сақтауға міндетті.

Түрлі тауар сататын әмбебап және азық-түліктік ашық нысандағы барлық  базарлар жексенбіден басқа күндері жұмыс істейді. Ал азық-ауқатқа жатпайтын тауарлар сататын ғимаратта орналасқан сауда қатарлары аптаның тек жұмыс күндері ашық болады.

Қандайда бір сауда кешеніндегі тамақтану орындары ауыз есігі ортақ дәлізден бөлек болған жағдайда жұмыс күндері қызметіне рұқсат берілді. Кафе-ресторанның ішкі сыйымдылығы жалпы орынның жартысынан немесе 30-дан аспауға тиіс. Ал ауа айналымы жүйесі реттелген болса, бір мезетте 50 орынға дейін қонақ қабылдай алады. Кәсіпкерлер үшін бір қуанар жаңалық, сыртта не терассада көп дегенде 50 адам отырады, есесіне апта бойы үздіксіз істейді. Қайсыбір ғимаратта жайғасқан фудкордтардан әкеліп беру қызметіне тапсырыс беруге не тек алып кетуге болады.

Мән берер ереже, енді қала ішінде не маңындағы қоғамдық көліктер бетперде режимін сақтау тәртібімен демалыс күндері тоқтамайды, толық кестемен жүреді. Қала-аймақ арасында қатынайтын ортақ көліктерге әзірге рұқсат жоқ.

Ashyq пилоттық жобасына енген СПА-фитнес орталықтар мен бассейн-сауна, көпшілікке арналған моншалардың қызметі қайта жанданады. Осы санатқа енетін боулинг, компьютерлік клубтардың жұмысы жалғаса береді.

Театр, кинотеатр, цирк, концерттік ұйымдар, мерекелік я бұқаралық шаралар, бильярд, караоке, түнгі және ойын-лото клубтар, діни ғимараттардың қызметіне салынған тыйым сол қалпы өзгермеді.

Қала өмірін қамтамасыз етуге арналған және шұғыл жиындардан басқа бет-бет кездесуді қажет ететін офлайн отырыс-кеңестер енді өтпейді.

Құжаттың 30 күнде он мәрте (осы көктемде ең алғаш 2 наурыз №6 қаулы бекітіліп еді – QT) өзгергенін көрген кейбір сарапшы-мамандар жағдай тұрақсыз екенін яки әкімдіктің дәл бүгінгі жағдайға дайындығы пысықталмағанын көрсетеді дейді .

№15 қаулы 3 сәуірден бастап күшіне енеді.

Қазірге дейін Алматы қаласында дертке шалдыққандар саны 40 мыңнан асты. Оның 35 193-іне коронавирус жұққан, тағы 5548 адам пневмониямен ауырған. Осы аптада тәулігіне 500-ден аса науқас анықталып, 300-ден астамы ауруханаға жатқызылып жатыр. Геномдық зерттеу нәтижесінде сынаманың жартысынан көбінде шетелдік штамдар табылған: британдық және оңтүстікафрикалық үлгілері. Жұқпалы ауруларға арналған мекемелердегі 5 мың орынның 2,8 мыңы бос емес, түрлі санаттағы сырқаттар емделуде.

"The Qazaq Times"