Соңғы бес жылда халықаралық қатынастар басқа арнаға бұрылды. Әлемнің геосаяси бет-бейнесі өзгеріп, жаһандық ойын алаңдары ауысты Көптеген адамдар АҚШ-Қытай арасындағы қайшылықтың себебі Трамптың билікке келуінде деп санайды. Іс жүзінде олай емес, екі ел арасындағы қайшылық ғасырлық, ұзақ уақыт қордаланған және болмай қоймайтын мүдделердің қақтығысы. Құрама Штаттардың билігіне демократ Байден келгенімен де АҚШ-Қытай қайшылығы тоқтамайды және ол тіпті де қыза түспек. Соған қоса «ойын тәртібі» де өзгермек.

Жақында Reuters өткізген жаһандық форумда да көптеген экономистер мен саясаттанушылар, стратегтер де АҚШ-Қытай қайшылығы шиеленісті күйде қалатынын айтты. Олардың болжауынша, Байден қайтадан көпжақты сауда саясатын қуаттағанымен, әлемнің екінші үлкен экономикасы Қытаймен жаңа келісімге келуі немесе Қытайға салынатын баж салығын төмендетуі екіталай. Соғаған қоса, форумдағы сарапшылар алдағы уақытта Тайуан (Тайвань) мәселесі маңызды күн тәртіпке шығатынын болжап отыр. Себебі, АҚШ Қытаймен технология саласында бәсекелес болады, бұл Қытай-АҚШ технологиялық соғысында шешуші рөл атқаратын Тайуанды «әлемдегі ең қауіпті нүктеге» айналдыруы мүмкін.

«Әлемдегі ең қауіпті нүкте» (The world's most dangerous flashpoint) дегенді тарата айтқанда «Жаһандық қақтығыстардың жарылыс нүктесі» деп сипаттауға да болады. Яғни, бұған дейін әлемде Ауғанстан, Сирия, Палестина, Ирак деген секілді «қызу нүктелер» болса, енді осылардың қатарында Тайуан да аталмақ. Бірақ, Құрама Штаттар Қытайдың осып келе жатқан қауіп-қатеріне байланысты Орта Шығыстағы саясатын өзгертіп, назарын Оңтүстік Шығыс Азияға, одан ауқымды болғанда Үнді-Тынық мұхитына аударды. Бұған ілесе әлемдегі ойын алаңы да осылай қарай ауысты. Енгіді жерде әлемнің алдынғы экономикаларына ие державалар мұнай-газ және сенімдер ара қайшылықтар негізіндегі Орта Шығысты тастап, тікелей экономикалық мүдделер, сауда айналымдары және технология өндірісінің ошақтарын негіз етіп Тайуанды қамтыған Шығыс Оңтүстік Азияда белдеспек.

Президент Трамп қабылдаған «Америка бірінші» ұстанымының орнына  Байден үкіметі «америкалық сатып алу» деген саясатты жолға қойып отыр. Осының өзі Байденнің Қытаймен шиеленісті жалғастыратынын білдіреді. Сейсенбі күнгі «Рестердің» Global Markets форумында БҰҰ-ның Сауда және даму конференциясының аға экономисті Рашми Банга (Rashmi Banga) осыған қатысты бірқатар ойларын ортаға салды. Банга ханым Қытаймен технология саласындағы бәсекелестікте Уашингтон өз саясатынан бас тартпайды деп болжап отыр. Қытай технологияда, әсіресе цифрлық технологиялар мен қызметтер саласында жаһандық орасан зор ықпалға ие болды.

Атап өткеніміздей, Тайуанның «қауіпті нүктеге» айналуындағы басты себеп – АҚШ-Қытай технология бәсекесіндегі Тайуанның маңызды рөлі. Alawang Business Consulting Company кәсіпорнының негізін қалаушысы Аластейр Ньютон (Alastair Newton)  бұл туралы пікірінде: «Мен жақын ара да ол арада соғыс болады деп болжап отырған жоқпын, бірақ, қандай да бір тараптың қате шешімі қақтығысқа алып келуі бек мүмкін», – деген. Дегенмен, ол Байден климат өзгерісі мен Иран мәселесі бойынша Қытай басшысы Ши Жинпиңмен ынтымақтастық орнатуы да мүмкін деген болжамды алға тартты.

Байден Қытаймен бәсекелес қарым-қатынасты жалғастыратынын бұған дейін де білдірген. Екі күн бұрын CBS арнасына берген сұхбатында ол бұл туралы ашық айтқан еді. «Мен мұны ол қалай білсе, солай жасамаймын. Себебі ол да сигнал беріп жатыр. Мен оны Трамп сияқты жасамаймын. Біз халықаралық ережелерге назар аударамыз», - деген Байден. Ол сондай-ақ, Қытайдың қауіп-қатеріне қарсы бірлесіп жауап беру үшін АҚШ одақтастарымен ынтымақтастықты басты орынға қоятынын айтқан.

“The Qazaq Times”