Кремль сыншысы Алексей Навальный Мәскеу қалалық сотына жеткізілді. Сотта «Ив Роше» ісі бойынша оппозиционердің шартты жазасын түрмеге алмастыру туралы қылмыстық жазаны атқару федералдық қызметінің өтінішін қарастырып жатыр.

Сот басталмай тұрып, таңғы 8-ден бастап бірнеше көшелер жабылған. Автозактар қойылған. 10-да Преображенская метро станциясында адамдар ұсталған. «ІІО-Инфо» мәліметінше, арнайы жасақ 90-нан астам адамды ұстап әкеткен.

20 тамыз Томск қаласынан Мәскеуге бет алған оппозиционер саясаткер Алексей Навальный бортта жағдайы нашарлап, ұшақ дереу Омбы қаласына қонуға тура келген. Кейін жедел жәрдеммен оппозиционерді Омбыдағы ауруханаға жеткізген. Кейін Германия Навальныйды Берлиндегі ауруханаға әкету үшін арнайы санавиация жіберген. Басында Омбы дәрігерлері Навальныйды орнынан қозғауға болмайды деп оны Германияға жіберуден бас тартқан. Кейін омбылық дәрілерлер Навальныйды ауруханадан әкетуге рұқсат беріп, Навальный 22 тамызда Берлинге жеткізілген.

11 қаңтарда федералды жазаны орындау қызметі (FSIN) Симоновский сотына Навальныйға шартты мерзімді нақты мерзімге ауыстыру туралы ұсынысынан кейін саясаткердің қылмыстық-атқару инспекциясын бақылаудан жалтарғаны айтылды.

2014 жылы Алексей Навальный мен оның ағасы Олег «Ив Роше» ісінде алаяқтық пен қаржы жымқыру үшін кінәлі деп танылды. Олег Навальный үш жарым жылға жалпы режимдегі колонияға, Алексей үш жарым жылға шартты түрде сотталды. Оның сынақ мерзімі былтыр 30 желтоқсанда аяқталды.

17 қаңтарда Навальный Берлиннен оралғаннан кейін бірден Шереметьево әуежайында ұсталды. Оны Химки полиция бөліміне алып кетті және келесі күні сот отырысы өтті. Сот оппозиционердің қамалу мерзімін 30 күнге ұзартып, «Матросская тишина» тергеу изоляторына жіберді.

23 және 31 қаңтарда Ресейдің көптеген қалаларында Навальныйды қолдау мақсатында наразылық акциялары өтті. «ІІО-Инфо» есебі бойынша бірінші акцияда 4 мыңнан астам, ал екінші акцияда 5,5 мыңнан астам адам ұсталған. Полиция наразыларды күшпен таратып, соққыға жықты.

Бұған дейін бірқатар халықаралық ұйымдар мен АҚШ Кремльдің Навлальныйға қарсы әрекетін қатаң сынға алған. Amnesty International ұйымы мен Еурокеңес өкілдері де Ресей билігін қатаң айыптап отыр. «Алексей Навальный саяси белсенділікке деген құқығынан және сөз еркіндігі құқығынан айырылды. Amnesty International оны ар-ұждан тұтқыны деп қарастырады және оны ешқандай шартсыз дереу босатуды талап етеді» делінген ұйымның баспасөз хабарламасында.

"The Qazaq Times"